6 жасар Лиза Пылаеваның өлімі: Айыпталушылар ақталды
Алматыда 6 жастағы Елизавета Пылаеваның жұмбақ өліміне қатысты атышулы іске нүкте қойылды. Наурызбай аудандық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 6 жасар қыздың өліміне қатысты істі қарады. Судьяның айтуынша, Елизавета Пылаеваның өліміне қатысы бар деп айыпталған нағашы тәтесі Ольга Шмакова, нағашы әжесі Леонарда Рыжакова және бағбан Уктаб Махмудовтың қылмысы дәлелденген жоқ, - деп хабарлайды Arbat.media.
Еске сала кетейік, Елизавета Пылаева 2019 жылдың 12 мамыры күні белгісіз жағдайда қайтыс болды, - деп жазады Kazinform агенттігі.
Қыздың әкесі Александр Пылаевтың айтуынша, қызды 9 мамырда анасы алып кеткен. 12 мамырда оған бұрынғы жұбайы хабарласып, баланың ауруханада ауыр халде жатқанын хабарлаған.
«Қызым менімен тұратын. 9 мамырда оны анасы, менің бұрынғы әйелім алып кетті.12 мамырда ол маған кешке қоңырау шалып, қызымның аурухананың жансақтау бөліміне түскенін айтты. Ол «Лиза ескерткіш мүсіннен құлап қалды» деді. Дереу ауруханаға келдім. Дәрігерлердің айтуынша, қызым ауруханаға келгенде өлі түскен. Баламның омыртқасы сынып кеткен. Денесі жарақат алған. Бірақ үстінде бір тамшы қан жоқ. Таң қаларлық болып көрінді», - деген болатын әкесі Александр Пылаев.
Бұған дейін Прокурордың айыптау актісі бойынша, марқұмның ата-анасы арасындағы ажырасу процесі 2014 жылы басталған, содан кейін Лизаның анасы Александр Пылаев қыздың биологиялық әкесі емес екенін айтқан. Кейіннен бұрынғы ерлі-зайыпты бітімгерлік келісімге келген. Нәтижесінде Лиза әкесімен бірге тұрған. Ал анасы оны демалыс және мереке күндері алып кетіп жүрген. 2019 жылдың мамыр айында да осылай болған.
Сол уақытта Лизаны анасы алып кеткен, бірақ өзі демалуға Алматы облысына кетіп қалған. Сол кезде қызды нағашы әпкесі Ольга Шмакова мен оның күйеуі қарап қалған. Шмакованың күйеуі кішкентай Лизамен уақыт өткізген. Мұны байқаған күдікті Ольга Шмакова ашуланып, қызғанған. Ол күйеуі қыздың әкесі болуы мүмкін деп күдіктенген. Сосын күдікті балаларын алып, сауда орталығына көлікпен бармақ болған.
«Осы кезде кішкентай Лиза Пылаева үйден аулаға шығып тұрған. Ольга Шмакова өзінің отбасындағы жағдайға ашуланып, кішкентай қызға қастандық ойлаған. Қылмысты жасау үшін көлікті қару ретінде пайдаланып, кәмелетке толмаған Елизавета Пылаеваны қағып кеткен», – делінген болатын айыптау актісінде.