Қазақстан жаңалықтары1 желтоқсан 2023, 14:21

Айыппұлмен құтылған шенеунік полицей енді түрмеде отыратын болды

Алаяқтық жолмен ақша тапқысы келген Ақтөбе облысы Мұғалжар аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары және оған көмектескен адамға қатысты іс апелляциялық шағыммен қайта қаралды, - деп хабарлайды Arbat.media.

Ақтөбе облыстық сотының Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Мұғалжар аудандық сотының үкімін апелляциялық тәртіпте қайта қарады. Іс материалына сүйенсек, Мұғалжар аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары қылмыстық істің оң аяқталуы үшін 900 мың теңге ақша алуға оқталған. Оған танысы көмектеспек болды. Алайда оларды ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік департаментінің қызметкерлері ұстаған.

Бірінші сатыдағы сот аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасарын лауазымды адам бола тұра, өзінің қызмет бабын пайдалану арқылы алдау және сенімді теріс пайдалану жолымен бөтеннің мүлкін жымқыруға оқталғаны (Қылмыстық кодексінің 24-бабы 3-бөлігі, 190-бабы 3-бөлігі 2-тармағы) үшін кінәлі деп танып, оған 9 миллион теңге айыппұл тағайындады.

Бөтеннің мүлкін жымқыруға көмектескені үшін танысына 3 млн 450 мың айыппұл салынды.

«Кейін прокурор оны бас бостандығынан айыруды, ал қорғаушы екеуін де ақтап, үкімнің күшін жоюды сұрап, апелляциялық шағым түсірді.

Сот алқасының қаулысымен үкім өзгертіліп, Мұғалжар аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылды. Сонымен бірге 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Екінші сотталушыға тағайындалған жаза өзгеріссіз қалдырылды. Апелляциялық қаулы заңды күшіне енді»,- деп хабарлады Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметінен.

Ақтөбе облысы Мұғалжар полицей түрме

Тақырыпқа жаңалықтар