Алматыда 17 жастағы қызды академия курсанты ұрып кеткен

Әлеуметтік желі қолданушысы өзінің кәмелетке толмаған сіңлісін академия курсанты ұрып-соққанын мәлімдеді, деп хабарлайды Arbat.Media.

Жарияланым авторы болған оқиғаны егжей-тегжейлі баяндап берді. Оның айтуынша, қыз бен жігіт сағат 17:00-ге дейін сөйлесу үшін жолығады. Қыз жігіттің көлігіне отырады. Жігіт қыздан ұялы телефонын сұрайды. Алайда қыз телефонын бергісі келмейді. Жігіт ашуға булығып, қызды белбеуімен және қолымен тұншықтыра бастайды. Жігіт қыздың шашынан ұстап, машинаның жерге лақтырып, тепкілеген. Соққыға жығылған қыз қашуға тырысса да, жігіт мүмкіндік бермепті.

Алматының полиция департаменті бұл факт бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізілгенін хабарлады.

«Жәбірленуші ата-анасымен бірге өтініш беруден және сот-медициналық сараптамадан өтуден бас тартты. Оның көзге көрінетін дене жарақаттары анықталмады. Осы мән-жайларды ескере отырып және қадағалау органының келісімімен қылмыстық іс бойынша іс жүргізу заңда көзделген тәртіппен тоқтатылды», - деп хабарлады ПД.

Осыған қарамастан, ІІМ Алматы академиясының тәртіптік комиссиясының шешімі бойынша бұл оқиғаға қатысы бар курсант оқу орнынан шығарылды.

Алматы Курсант академия ІІМ

Тақырыпқа жаңалықтар