Алматыда бір топ адам арзан көлік аламыз деп алаяққа ұрынған
ФОТО: КТК
КТК
Қазақстан жаңалықтары20 қыркүйек 2024, 12:00

Алматыда бір топ адам арзан көлік аламыз деп алаяққа ұрынған

Қымбат машинаны арзанға аламыз деп алаяққа ұрынған. Су тегінге көлікпен қоса, үй, тіпті жер телімін алуға көмектесемін деген азаматқа сенген алматылықтар енді прокуратураның алдын торуылдап жүр. Айтуларынша, өзін мемлекеттік қызметкермін деп таныстырған кісіге кемі 1 миллионнан 12 миллион теңгеге дейін ақша ұстатқан. Алданғандар тақырға отырғызып кеткен ер адамның тиісті жазасын алып, қаражатын қайтаруды талап етуде, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы КТК телеарнасы жазады.

Таң ата прокуратураның алдына жиналғандардың зары бір — көбі көлік мінеміз деп тақырға отырған. Соның бірі — Аделина Серікова. Ол кореялық автокөлікті арзанға алмақшы болыпып, алғашқы жарнасын қарызданып төлеп қойған.

Аделина Серікова:

— Бөліп төлеп, кореялық көлік алып беремін деді. Қызыл түсті көліктің суретін де көрсетті. Жалға алынған машина екен. Оған сенбедім. Қызыл құжатын көрсетті. «Міне, сенбесең, прокуратурада жұмыс істеймін» - деді.

Өзін мемлекеттік қызметкермін деп таныстырған азаматқа Гүлмира Байгөзовада алданған. Келіншек бір емес, екі көлік аламын деп, алғашқы жарнасына 12 млн теңгесін құйған. Содан бері не темір тұлпар, не ақша да жоқ дейді.

Гүлмира Байгөзова:

— Алаяққа алданып жүрміз. 12 миллион алған. Машина жасап беремін деп. Бізде бөліп төлеуге машиналар бар деген. «Судай жаңа машинамыз бар, алып берем» деді. Ақшамызды алып алды. Бір жыл бойы алданып жүрміз. Меннен басқа тағы көп адам бар. Алатау ауданында іс қозғалмай жатыр, істі қайта-қайта жауып тастайды. Екі көлік жаңадан, 30 млн тұратын көліктер ғой. «Алғашқы жарнасын төлейсіз» деп алып алған.

Жиналғандар дәл осылай алданғандар саны қазір 10-ға жеткенін айтады. Барлығы сан соғып қалғанын біле сала, құзырлы органдарға арыз жазған. Бүгінде күдіктіге қатысты іс қозғалған. Тергеу жүріп жатыр. Алайда жәбірленушілер уәдені үйіп-төккен азаматтың уақытша тергеуде емес, сыртта жүргеніне наразы.

Нұрболат Ибраев, заңгер:

— Күдікті ретінде сотқа дейінгі тәртіппен күдіктінің әрекеті дәлелденді. Алайда аудан прокуроры,Әуезов ауданының прокуроры өтініш хатымызды, яғни қамаққа алу, үй қамақтан изоляторға қамауға алуға аудан прокуроры бас тартты. Негізсіз бас тартты. Біз әділдікті талап етіп, аудан прокурорының заңсыз шығарған қаулысын, яғни бас тарту қаулысын бұзғымыз келеді.

Ал прокуратура жағдайдан хабардар. Күдіктіге қатысты қылмыстық істің қозғалғанын да растады.

Ал ер адамның неліктен уақытша тергеуге тоғытылмағанын аудандық прокуратурадан анықтамақшы.

Дәурен Динбаев, Алматы прокуратурасы басшысының орынбасары:

— Күдіктіге қатысты ҚР ҚК 190-бабы, 4-бөлігі, 2-тармағымен тергеп-тексеру басталды. Қазір көрсетілген арызданушылардың бірнеше арыздары бойынша барлық тергеу жүріп жатыр. Қорытындысына қарай түпкілікті шешім қабылданатын болады.

Алдымен сеніп, сосын соңынан еріп, ақша беріп, кейін үміті сөнгендер қайтсе де әділдікті талап етеді. Олар не де болса, қаражатының қайтарылғанын, күдіктінің әділ жазалануын сұрайды.

Алматы Алаяқтар көлік сату

Тақырыпқа жаңалықтар