Ақмола облысында науқастың шағымын бұрмалаған фельдшер сотталды
Ақмола облысында науқастың шағымын бұрмалаған медицина қызметкеріне қатысты қылмыстық іс бойынша жария сот отырысы өтіп, кінәлі жазаға тартылды. Ақмола облысы соты баспасөз қызметінің мәліметінше, Қосшы қалалық соты адам денсаулығына абайсызда ауыр зиян келтіруге әкеп соққан, немқұрайлық салдарынан кәсіби міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін «103» қызметі бойынша шақыруларды қабылдайтын фельдшерге қатысты қылмыстық істі қарады (Қылмыстық кодексінің 317-бабының 2-бөлігі). Сот үкімді облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы, Ақмола қосалқы станциясы және Қосшы қаласының емханасы қызметкерлері ұжымдарының қатысуымен жария етті, - деп хабарлайды Arbat.media.
Сотта анықталғандай, «103» қызметінің диспетчері науқас «У.»-дан шақыруды қабылдап, «артериялық гипертензиямен есепте тұрған, кеудеде ауырсыну, жеделдіктің 1-санатындағы шақыру» хабарламасымен оны Қосшы қаласына жолдаған.
Қосшыда фельдшер «С.» шақыруды қабылдай отырып, 1-ші санаттан 4-ші санатқа ауыстырған, науқастың шағымын бұрмалап «жоғары температура, 1 аптадан астам ауырады, қатты жөтел» деп көрсетіп, емханаға жолдаған, - деп жазады Kazinform агенттігі.
Емхананың фельдшері «А.» науқас «У.»-ға 4-ші санат бойынша медициналық көмек ретінде тексеріс жүргізіп, инъекция жасап кеткен. «У.» медициналық көмекке қанағаттандырылмай Астана қаласының ауруханасына өз бетінше баруға мәжбүр болды. Ауруханада оған «Жүректің ишемиялық ауруы. Миокард инфарктісі. Стенттеу. Кардиогенді шок. Клиникалық өлімнен кейінгі жағдай» диагнозы қойылды.
«С.»-тің кінәсі сараптамалардың қорытындыларымен, жәбірленуші мен куәгерлердің айғақтарымен, фельдшерге шақырудың жеделдігі санатын өзгертуге тыйым салатын нормативтік құқықтық актілермен және істің басқа материалдарымен расталды.
«Жаза тағайындауда сот абайсызда жасалған ауырлығы аз қылмыстың жасалғанын, сотталушының жүктілігі (22 аптадан астам мерзімде) болуы жеңілдететін жағдай ретінде, ауырлататын мән-жайлардың болмауы, бұрын соттылығы жоқтығы тәрізді жағдайларды ескерді. Сот үкімімен «С.»-ға медициналық қызмет көрсету құқығын айыра отырып, пробациялық бақылау белгіленіп 1 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды», - деді ведомстводан.
Соттың баспасөз қызметінен атап өткендей, сонымен қатар, сот облыстық денсаулық сақтау басқармасы атына тиісті шаралар қабылдау үшін жеке қаулы шығарды.
«Жеке қаулымен сот жедел медициналық жәрдем қызметкерлерінің абайсызда науқастың денсаулығына ауыр зиян келтіретін медицина саласындағы нормативтік құқықтық актілерді өрескел бұзушылығына назар аударды. Сот актілері заңды күшіне енген жоқ», - деп толықтырды ведомстводан.