Ақмола облысында сібір жарасының сегіз жағдайы расталған
Ақмола облысында сібір жарасын жұқтырғандар саны артты. Науқастардың бірі ауыр жағдайда жатыр, деп хабарлайды Arbat.Media.
Tengrinews.kz редакциясының ресми сауалына жауап ретінде Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы – Қазақстанның Бас мемлекеттік санитар дәрігері Сархат Бейсенованың мәліметінше, соңғы деректер бойынша Ақмола облысында сібір жарасының зертханалық расталған 8 жағдайы тіркелген.
"Науқастар тиісті ем қабылдап жатыр, олардың бірінің жағдайы тұрақты ауыр, Көкшетаудағы Жұқпалы аурулар орталығында стационарлық ем алып жатыр. Сібір жарасының зертханалық расталған жағдайлары арасында медицина қызметкерлері тіркелмеген", – делінген Бейсенованың қолы қойылған комитет жауабында.
Ведомство мәліметінше, ауру ошағында толық көлемде эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізілген. Жағдай Денсаулық сақтау министрлігінің бақылауында.
"Биылғы алты айда республика бойынша сібір жарасының 14 расталған жағдайы тіркелді, оның ішінде Ақмола облысы бойынша – 8 жағдай. Сібір жарасынан қайтыс болғандар тіркелген жоқ", – деді комитет өкілі.