Қазақстан жаңалықтары24 қараша 2023, 15:36

Ақтөбедегі ферроқорытпа зауытында механик мерт болды

Ақтөбедегі ферроқорытпа зауытында механик мерт болды, - деп хабарлайды Arbat.media.

Механик зауытта жөндеу жұмысын жүргізген мердігер компанияның қызметкері болған.

«СМС Сервис» ЖШҚ мердігер мекемесінің механигі жөндеу жұмысын аяқтаған соң оны тексермек болып, уату-жону машикасын іске қосуға пәрмен берген кезде қайғылы оқиға болған. 

— Механик рация арқылы уату-жону машинасын іске қосуды тапсырады. Сол кезде өзі жону аппаратына оратылып қалып, оқиға орнында көз жұмды. Мердігер компания Башқұртстанда тіркелген, — деп хабарлады облыстық еңбек инспекциясы басқармасы.

Ақтөбе ферроқорытпа зауыты да әлеуметтік желідегі ресми парақшасында ақпаратты растап, қаза болған адамның отбасына көңіл айтты.

— Ақтөбе феррорқорытпа зауытының аумағындағы жөндеу жұмыстары кезінде мердігер ұйымның қызметкері жарақат алып, салдарынан көз жұмды. Оқиға туралы мемлекеттік органдарға хабарланды. Оқыс оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. «Қазхром» ТҰК» АҚ ұжымы марқұмның туған-туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтады.

Ақтөбе ферроқорытпа зауыты механик қаза тапты

Тақырыпқа жаңалықтар