Placeholder Әскердегі әлімжеттіктің әуресі
Коллаж: Алмас МАНАП, «EQ»
Egemen.kz
Қазақстан жаңалықтары25 қыркүйек 2024, 15:00

Әскердегі әлімжеттіктің әуресі

Әскери қызметшілер арасында түсініксіз жағдайдағы өлім-жітім мен жарақат алу оқиғаларының көбеюінен кейін қоғамда әскер саласындағы әлім­жеттік тақырыбы желдей есіп тұр. Көптің талқысына түскен мәселеге жуырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында арнайы тоқталып, қауіпсіздік пен тәртіпті нығайту қажеттігін айтты. Ол Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған жастардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне, ең алдымен, армия басшылығы және құқық қорғау мекемелерінің басшылары жауапты екенін еске сала келе: «Жастар әскерге Отан алдындағы борышын өтеуге барады, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Egemen.kz жазады.

Жас сарбаздарымыз өз міндетін алаңсыз орындауы үшін әскер қатарында, ең алдымен, темірдей тәртіп болуға тиіс. Қарулы күштер мен басқа да күштік құрылымдар осы талапты мүлтіксіз орындауы қажет. Әр ата-ана әскерге кеткен баласын мемлекетке сеніп тапсырады», деді.

«Біздің жастарымыз әскерге «Отан алдындағы борышымды өтеймін» деп шабытпен ат­тан­­­ға­нымен, кейбірі үйіне табыт­пен қайтып жатыр». Бұл – де­путаттардың осы күрделі жағ­дайға қатысты айтқан пікірі. Олар әскерде әлімжеттік өршіп тұр­ға­нына сенімді. Әсіресе кейін­гі уақытта сарбаздардың асылып қалуы, мертігуі, бірін-бірі атып тастауы секілді оқиғалар жиі­леп кеткені белгілі. Ал Қор­ға­ныс министрлігі мұндай жағ­­дай­лардың алдын алу үшін қолдан келген шараның бәрі қабылданып жатқанын алға тартады.

«Жел тұрмаса, шөптің басы қимыл­­да­майды».

Қанша жерден жасырып-жапқанмен, әскер­де сарбаздардың өмірі мен денсау­лы­ғына қатер төндіретін қандай да бір шектен шыққан келеңсіздік бар екеніне осы қыркүйек айының ішінде болған бес бірдей оқиға дәлел.

Атап айтсақ, 7 қыркүйекте Ақтаудағы «Оймаша» теңіз жаяу әскерлері полигонында взвод коман­дирінің мерзімді әскери қызметші Марат Барқұловты бетінен атып, сарбаздың қаза табуы;

12 қыркүйекте Алматыдағы Құрлық әс­керлері институтында сержанттың өз-өзіне қол жұмсауы;

16 қыркүйекте Арыс гарнизонының әскери бөлім­де­рі­нің бірінде келісімшарт бо­йынша әскери қызметшінің суицидке әрекеттенуі;

19 қыркүйекте Аягөз гарнизонының әскери бөлімі офицерінің, 21 қыр­күйекте Петропавлда келісімшарт бо­йынша әскери қызметшінің өз үйінің жертөлесінде асылып қал­уы.

Өткен аптада Нартай Аралбай­ұлы бастаған бір топ Мәжіліс депутаты Қор­ғаныс ми­­нис­трі Руслан Жақсы­лы­қовтың атына депутаттық сауал жолдап, әс­кердегі әлімжеттік мәселесін тағы да көтерді.

«Жауырды жаба тоқы­ған­мен, жараның жазылмайтыны белгілі. Оның айғағы – бейбіт күнде сарбаздарымыз түрлі дене жарақатын алып, кейбіреуі қайтыс болып жатыр. Бұл – бір емес, бірнеше рет қайталанған жағдай. Осының салдарынан айыппұл салмақ түгілі, айып тақ­саң да ешкім бауыр еті баласын жастар жан тапсырған орта – әскер қатарына жібергісі келмейді», деген депутаттар кейінгі үш жылда елімізде 270 әскери қызметкер қайтыс болғанын, ал төрт жылда әскерде 86 суицид тіркеліп, 20 әске­ри адам өз-өзіне қол салуға оқтал­ға­нын жеткізді. Бұл – әскери про­куратура мәлімдеген ресми сан.

Олар Мемлекет басшысы сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне мұқият қарау­ды тапсырғанымен, өкінішке қа­рай, армиядағы жағдай бұған мүлдем кереғар болып тұрғанын айтады. «Былтыр Қорғаныс министрлігі әскери бөлімдерде 50 мыңнан аса бейнекамера бар деді. Ондағы жазбалар қайда? Әлде Ербаян секілді бауырларымыз жарақат алғанда әлгі камералар теріс қарап қалды ма? Әскердегі әлімжеттік мәселесін «Amanat» партиясы 2022 жылы көтерген еді. Алайда жағдай түзелмек түгілі, ушығып кетті», деп мәлімдеді депутаттар.

Сонымен қатар Мәжіліс депутаттары әскери қызметшілердің әлеу­меттік жағдайы төмен екеніне, атап айт­қанда, айлықтары 2008 жылдан бері көтерілмегеніне, кезінде беріліп келген әлеуметтік қолдау шараларының біразы алы­нып тасталғанына тоқталды. «Бұл жағдайды түзеу – кезек күт­тірмейтін мәселе. Жоғарыда айтыл­ған жағдайларды еске­ріп сізге келесі шараларды қолға алуды ұсынамын: Еліміз­дің армия­­сын­дағы аталған келең­сіз­дік­ті тыю және алдын алу бойынша нақты шараларды қабылдауды; Әскерилердің әлеуметтік жағ­дайын жақсартуға бағытталған жоба­ларды қолға алып, олардың іске асуын жеделдетуді», деді депутаттар.

Әзірге Мәжіліске Қорғаныс министрі Руслан Фатихұлының жа­уабы келген жоқ. Дегенмен депутаттық сауал жолданғаннан кейін екі күн өткенде Орталық комму­никациялар қызметінде «Әскери қыз­меттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзу­шылықтың алдын алу бойынша қабылданып жатқан шара­лар» тақырыбында брифинг ұйымдас­ты­рылды. Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұ­мыс жөніндегі орынбасары, генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаевтың айтуынша, БАҚ пен әлеу­мет­тік желіде таралып жатқан факті­лердің көбі бұрмаланған, шын­­дық­қа жанаспайды.

Әскердегі әлімжеттік пен күш қол­дануды ресми түрде «жар­ғы­лық емес қатынастар» дейді. Министр орынбасары статистика бойынша кейінгі үш жылда мұндай оқиғалар қатары 28%-ға төмендегенін айтады. Яғни 2021 жылы 32 оқиға тіркелсе, былтыр 23 жағдай орын алған. Жалпы саны 12 әскери қызметші сотталған. Ал осы жылдың басынан 13 жарғылық емес қатынас фактісі тіркелген.

«Осыған орай әскери қызмет­­тің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақ­сатында тиісті шаралар қа­былданып жатыр. Атап айт­­­қан­да, барлық әскери бөлім мен бөлімшеде «Серіктес», «Пи­рамида», «Жауынгерлік дос» жүйелері жұмыс істейді. Сар­баздар «Отбасымен бейне­қоңы­рау» қызметі арқылы туыс­­­та­рымен хабарласа алады. Құқық бұзу­шылық әрекеттерінің алдын алу мақсатында әрбір әске­ри қыз­метші жүгіне алатын про­фи­лактикалық кабинет­тер мен сенім телефондары бар. Бұған қоса қызметтік үй-жайлар, оның ішінде казарманың орналасқан жері бейнекамералармен жабдық­тал­ған. Оған арнайы оператор лауазымдары енгізілген. Нақтырақ айтқанда, қазіргі күні Қару­лы күштерде 12 062 бейне­ба­қы­лау камерасы жұмыс істейді», деді Ш.Жазықбаев.

Әскерде профилактикалық он­күн­­діктер, анонимді сауалдама, психо­логиялық тренингтер, сар­баздар­дың денесін тексеру сынды іс-шаралар өткізілетінін айтқан генерал-майор қоғамда таралып жатқан түрлі бұр­ма­­ланған қауесеттер әскердің бе­делін түсіретінін, ал Қорғаныс ми­нистр­лігі керісінше әскерге барудың тартым­ды­лы­ғын арт­ты­руға тиімді шаралар қа­был­дап жатқанын жеткізді. Соны­мен қатар Сарбаз аналары коми­тетімен тұ­рақты байланыс жолға қойылғанын айтып өтті.

Әскери қызметтің беделін арттыру үшін қолға алынған шара­лар­дың бірі – үздік сарбаздарға білім гранттарын беру мен әскери қызмет кезінде несиені шегеру туралы қабылданған шешім. Мәселен, былтыр 600-ден аса мерзімді қызметтегі әскери қыз­метші жеңілдетілген жолмен жоғары оқу орнына түссе, оның ішінде 189-ы грант иегері атанды. Қазіргі таңда 6 253 мер­­зімді әскери қызметшінің 1 млрд 828 млн теңгені құрайтын не­сие­сі кейінге шегерілген. Сонымен қатар әскери қызмет барысында жұмысшы маман­дық­тарын игеру мақсатында қыс­қа­­мерзімді курстар ұйымдас­ты­рыл­ған. 2022 жылдан бері 1 864 мерзімді әскери қызметші осы курстарда оқып, сертификат алып шықты.

Қорғаныс министрінің орынбасары қабылданып жатқан барлық шараға қарамастан, әскери қызмет қаупі жоғары орта саналатынын, оған күнделікті қыз­меттің әскери техникамен, қару-жарақ­пен, оқу-жаттығумен, атыс дайындығымен, өзге де іс-шаралармен байланыс­ты екенін айтады.

«Өкінішке қарай, әскери қыз­­метшілер арагідік қаза та­уып жатады. Дегенмен Қарулы күш­тер­дегі қызмет – бейбіт уақыт­тағы басқа да салаларға қарағанда қауіпті емес. Әскердегі секілді өзге жұмыс орындарында да адамдар қаза тауып жатыр. Біз өз саламызда болып жатқан жағдайды талдай келе, әске­ри қызметшілердің ажал құшуы мен жарақат алуына қару-жарақ пен оқ-дәріні қолданудағы абайсыздық, техниканы қолдануда қауіпсіздік ережелерін сақтамау, қызметтен тыс уақыттағы жол-көлік оқиғасы, ауру-сырқау және отбасылық жанжалдар салдарынан жасалатын суицид себеп болып отырғанына көз жеткіздік», деді Ш.Жазықбаев.

Брифинг барысында журна­лис­­тер тара­пынан мерзімді қыз­меттегі әске­ри қызметшілердің үйінен жиі ақша сұрауы, әскерге 20 жастан шақыру туралы жария­лан­ған петицияға қатысты да сұрақтар қойылды.

«Әскерге 20 жастан шақыру туралы петиция жарияланғанын естідік. Бірақ мұнымен келісу қиын. Біріншіден, бала 17-18 жасында мектеп бітірсе, 20 жасқа дейін не істейді? Арадағы жылдар текке өтпей ме? Екіншіден, кеңес заманында-ақ 17-18 жаста адамның бо­йында гормональды өзгерістер болатыны дәлелденген. Дәл осы кезеңде әскер – бозбаланы ер адамға айналдыру үшін керемет мүмкіндік. Ал сарбаздардың үйінен жиі ақша сұрау жағдайына келсек, менің ата-аналарға айтарым, балаларыңызға көп ақша бере бермеңіз. Өйткені әскери бөлімде олардың толыққанды өмір сүруіне барлық жағдай жа­салған. Тамағы тоқ, киімі көк. Бөлімде өз дүңгіршегі бар. Сар­баздар айына 3 мың теңге жала­қы­сын алады. Қалаған затын сатып алуына сол қаражат жетеді», деді Ш.Жазықбаев.

Оңтүстік әскери округі қолбас­шы­­сының тәрбие ісі жөніндегі бұрынғы орынбасары, запастағы полковник Манас Мағұловтың айтуынша, әскери қызмет қай уақытта да қауіпке толы болған. Алайда ол қазір қоғамда айтылып жатқан әлімжеттік, бірін-бірі қасақана өлтіру секілді оқиғаларға сенбейтінін жеткізді.

«Мен өзім 6 жыл рота коман­дирі болып қызмет еттім. Сол жылдар ішінде тек бір адам абайсызда құлап қалып қаза тапты. Ал бір-біріне қару ала жүгіру жайттары болған емес. Қазір де болды дегенге сенбеймін. Мәселен, жуырда офицер сарбаздың бетінен атты дейді. Ресми мәлімет бойынша, ол қаруды тазалап жатқанда абайсызда атылып кеткен. Бұл оның кәсіби деңгейі өте төмен екенін білдіреді. Өйткені әскери қызметті қаруды кез келген жерде емес, арнайы бөлмеде ғана тазалауы керек. Сондай-ақ тазалау кезінде қаруда оқ болмауға тиіс», дейді ол.

Запастағы полковник мерзімді қызметтегі сарбаздар арасында тұрмыстық кикілжіңдер болуы әбден мүмкін екенін де жасырмады. «Менің үш ұлым бар. Үшеуі жастайынан күнде бір-бірімен төбелесіп өсті. Ал әскерде 100 адам болса, әрқайсының мінезі мен көзқарасы әртүрлі. Олар бір-бірімен шекіспейді, кикілжіңге бармайды дегенге сену қиын», дейді ол.

Сондай-ақ М.Мағұлов қазіргі таңда мерзімді әскери қызмет­шілермен жеке тәрбие жұмыстары жүргізілмейтінін жеткізді.

«Бұрын әр сарбаздың жеке бақылау күнделігі болатын. Әр күні оның не істегені, қайда барғаны, қандай тапсырманы орын­дап отырғаны жазылатын. Қазір бұл жұмыс мүлдем жүр­гі­зілмейді. Әскерде осы жағын кемшін», деп ойын түйіндеді запастағы полковник.

2019 жылдан бері елімізде «Аналар жүрегі» сарбаз анала­ры­ның комитеті» қоғамдық бірлестігі жұмыс істейді. Бұл ұйымның мақсаты – сарбаздардың әлеу­мет­тік жағдайына бақылау жасау, әлімжеттіктің болмауын қа­да­ғалау. Былтыр Астанадағы 68665 әскери бөлімде өткен ашық есік күнінде комитет төра­ғасы Лилия Хайруллинамен кез­десіп, одан әскердегі әлімжеттік туралы ойын сұрағанымызда, бұл сұраққа жауап беруден бас тарт­­қан еді. Дегенмен қазір бүкіл қо­ғам талқылап жатқан тақы­рып­тан сарбаз аналарының комитеті тыс қалмайтын шығар деген оймен Л.Хайруллинаға хабарласып көрдік. Алайда ол тағы да бұған қатысты пікір білдіре алмайтынын айтты. Одан соң осы комитеттің өзге де мүшелеріне қоңырау шалып, пікірлерін білуге тырыстық. Бірақ бәрі де бір-бірінің аузына тү­кіріп қойғандай әлімжеттік туралы ләм-мим демейтінін жет­кізді. Бүкіл қоғам шулап жатқанда «Сарбаз аналары» бұл проблемадан хабарсыз болғаны ма, әлде оны айтуға басқа кедергі бар ма – бұл жағы бізге белгісіз күйде қал­ды.

Сонымен Қорғаныс министр­лігінің мәліметінше, қоғамда айтылып жатқан әскерге қатысты үрей тудыратын әңгі­менің бәрі негізсіз. Депутаттар мен жұрт­шылықтың пікірі оларға қарама-қайшы. Ал «Әскерде әлімжеттік бар ма?» деген сұрақ әзірге жа­уапсыз қалып тұр.

 

Әскердегі әлімжеттік Әскери қызметшілер Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдау

Тақырыпқа жаңалықтар