Астанада салық органының шенеунігі кәсіпкерден 3,6 млн теңге пара алған
Фото: Freepik
Freepik
Қазақстан жаңалықтары25 қыркүйек 2024, 4:02

Астанада салық органының шенеунігі кәсіпкерден 3,6 млн теңге пара алған

Пара алғаны үшін мемлекеттік кірістер органының бөлім басшысы сотталды. Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты мемқызметшінің пара берушiнiң пайдасына қызметтiк өкiлеттiктеріне кiретін әрекеті үшiн айтарлықтай мөлшерде пара алу (ҚК 366-бабының 2-бөлігі) фактісі бойынша Т-ға қатысты қатысты істі қарады, - деп хабарлайды Arbat.media.

Т. Қаржы министрлігінің Астана қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті жанама салықты әкімшілендіру басқармасының бөлім басшысы лауазымын атқара отырып, қарамағындағылар арқылы «С» ЖШС директорынан артық төленген қосылған құн салығын қайтарғаны үшін 3 600 000 теңге көлемінде пара алады, - деп жазады Kazinform агенттігі.

Сотталушының кінәсі өзінің қылмыстық әрекетін мойындауымен, куәгерлердің айғақтарымен, заттай дәлелдемелермен және іс материалдарымен дәлелденді.

Прокурор қосымша жаза тағайындай отырып 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын сұрады.

Сотталушы өз кінәсін толық мойындап, айыппұл салуды сұрады.

ҚК-нің 366-бабының 2-бөлігінің санкциясы мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазым атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, параның 50-ден 60 еселенгенге дейінгі сомасы мөлшерінде айыппұл салу не 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.

Сот жаза тағайындау кезінде сотталушының шын ниетпен өкінуін, жас балаларының бар екенін және сотталмағанын жеңілдететін мән-жай деп таныды.

Сотталушының қылмысты антын бұза отырып жасауы ауырлататын мән-жай деп танылды.

Сотталушы жасаған сыбайлас жемқорлық қылмыстың ауырлығын, мемлекеттік қызметшілерге деген сенімді түсіргенін және оған нұқсан келтіргенін, сондай-ақ жеңілдететін және ауырлататын мән-жайдың бар екенін ескере отырып, сот оған мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырды.

Сондай-ақ, сот іс бойынша анықталған ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыс жасауға ықпал еткен себептер мен жағдайларға назар аударылып, тиісті шара қабылдау үшін Астана қаласы бойынша МКД басшысының атына жеке қаулы шығарды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Астана салық органы 3,6 млн Жемқорлық

Тақырыпқа жаңалықтар