Баспаналы болу тетігі
Мемлекет «Отау» деп аталатын жаңа ипотекалық бағдарламаны жариялады. Әрине, бағдарлама болған соң бірқатар талабы бар, дегенмен негізгі шарты – үміткердің басында кейінгі бес жылда үй болмауы керек. Барлық шарттан іркілмей өткен азамат тек «Отбасы банкпен» келісімшартқа отырған, «Қазақстан тұрғын үй компаниясының» кепілдігін алған компаниялардың ғана пәтерін қарастыра алады. Бір қызығы, қазірдің өзінде осы кепілдікке ие үйлердің бағасы өсе бастады деген ақпарат тарап жатыр, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы Egemen.kz жазады.
Жалпы, қай кезде де жаңа ипотекалық бағдарлама баспана нарығындағы бағаға әсер етеді. Себебі сұраныс артады. Осыдан бірнеше жыл бұрын «Бақытты отбасы», «Әскери баспана», «Нұрлы жер», «Баспана хит», «7-20-25» сияқты бірнеше ипотекалық бағдарлама бір кезеңде басталып, халық ипотекаға үй таба алмай, абдырап қалды. Krisha.kz сайтына кірсең үй толып тұр, ал телефон шалсаң «ол пәтер сатылып кетті, мен сізге басқа ұсыныс айтайын», дейді. Сонда сайтта тұрғандар бос жарнама ғана екен. Ұсыныс сұраныс қажетін өтей алмай жатты.
«Отау» бағдарламасының шарты бойынша Алматы, Астана, Шымкент қалалары бойынша тек бірінші нарықтағы, 30 млн теңгеге дейінгі үйді алуға болады. Меніңше, нарықта мұндай бағадағы эксплуатацияға берілген жаңа пәтер тапшы болады. Ал үлескердің ақшасын тартуға рұқсаты бар құрылыс салушылары аз. Қазақстанда мемлекеттік ипотекалық бағдарламалардың көбі құрылыс компанияларын қолдауға бағытталған. Бірақ қалай болғанда да ыңғайлы ипотекалық бағдарламалар керек деп ойлаймын. 2018-2021 жылдар арасында жұмыс істеген «Баспана хит» бағдарламасының шарттары жеңіл әрі ыңғайлы еді. Шарты бойынша, бастапқы нарықтан да, қайталама нарықтан да үй алуға мүмкіндік берілетін. Осындай оңтайлы ипотекалық бағдарламалар ауадай қажет.
Кей сарапшылар нарыққа жеңілдетілген бағдарламаларды әкеле беру экономикаға зиян деген пікір айтады. «Мемлекет азаматтарға арзан пайызбен үй бергенше, азаматтардың әл-ауқатын арттыруы керек, сонда олар өздері-ақ үйді сатып алады», дейді. Бұл – утопия. Халықтың қаржылық, материалдық әл-ауқаты жеке табысымен үйді емін-еркін сатып алатындай жағдайға жеткен жоқ. Ал біз дәл қазір азаматтардың пәтерге деген қажеттілігін қанағаттандыруымыз керек. Себебі пәтердің жетіспеушілігінен пәтер жалдау бағасы шарықтап кетті. Ең дұрысы – алғашқы жарнасыз берілетін ипотека, сонда халық пәтер жалдауға жұмсаған ақшасын ипотеканы жабуға жұмсар еді. Бұл ретте Біріккен Араб Әмірлігін мысалға келтіре аламыз. Онда көптеген құрылыс компаниясы пәтерді бөліп төлеу шартымен бірнеше жылға береді. Былтыр Әмірліктің бірнеше құрылыс компаниясының пәтер нарығындағы ұсынысымен танысып қайтқан болатынмын. Елімізде де біртіндеп сол тәжірибе еніп келе жатқанын байқадым. Бірақ бізде алғашқыда пәтер құнының 50 пайызын талап етеді және қолданысқа берілген күнге дейін толық құнын төлеп бітіру керек. Ол жақта кілтін алып, үйге кіргеннен кейін де асықпай 5-6 жыл көлемінде төлеуге болады. Тағы бір ерекшелігі – пәтерлер тек таза әрлеумен және орнатылған ас-үй жиһазымен қолданысқа беріледі. Ал бізде алғашқы жарнаға әрең ақша тауып, одан қалса әрлеу жұмысына да біраз шығындалады. Тұрғындар 2-3 жыл бойы жөндеу жүргізіп бір-бірінің мазасын алады. Оған да ақшасы толық жетпей, банк несиесіне тағы бас ұрады.
Тағы бір айта кетер жайт, екінші деңгейлі банктерге де тұрғын үй жинақтаушылық функциясын беру керек және азамат жинаған алғашқы жарнасымен кез келген ипотекалық бағдарлама ұсынған операторға жүгіне алуға тиіс. Бұл ретте жүйенің бір-бірімен интеграциялануы аса маңызды. Мәселен, ипотека алатын банкке келіп өтінім бересіз, ал басқа банктегі депозит алғашқы жарна есебінде таңдап тұрған банкке келіп түседі. Түбі осындай жүйенің қажеттілігі туындайтын сияқты. Бұл арада банктер арасында көреалмаушылық болады деп алаңдауға негіз жоқ. Өйткені болашақта әр банк өз жүйесін қалыптастыруын жалғастыра отырып, жалпы ортақ банктік кеңістік шарттарына бейімделуге мәжбүр болады. Жалпы, банктерде жинақтау функциясын енгізу, оңтайлы шарттармен тиімді ипотека бағдарламаларын нарыққа шығару, шетелдік қажет тәжірибені енгізуден ешқашан ұтылмаймыз.