Қазақстан жаңалықтары4 желтоқсан 2023, 20:28

Бұрынғы әйелін пышақтап өлтірген орманшы 14 жылға сотталды

Қарағанды облысы Ботақара ауылының тұрғыны ажырасу кезінде бұрынғы жұбайын пышақтап өлтірді, - деп хабарлайды Arbat.media.

Ер адам аң аулайтын пышағын бұрынғы әйеліне үш рет сұғып алған. Әйел алған жарақатынан қайтыс болды, деп жазады Кazinform.

Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында адам өлтіру және суық қаруды заңсыз түрде алып жүру фактісі бойынша іс қаралды.

26 мамырда Ботақара кентінің АХАТ ғимаратында жергілікті тұрғын мен оның бұрынғы әйелінің арасында жанжал болған. 

Содан кейін ол аңшы пышағын суырып алып, бұрынғы әйелінің шабына және сол жақ жауырынының астына екі соққы жасаған.

Жәбірленуші алған жарақатынан Бұқар жырау ауданы орталық ауруханасында қайтыс болды.

Сотталушының кінәсі куәлардың айғағымен, заттай дәлелдемемен, сараптама қорытындысы және басқа іс материалдарымен дәлелденді.

Прокурор айыпталушыны екі бап бойынша кінәлі деп танып, 14 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

«Сот үкімімен У. адам өлтіргені және суық қаруды заңсыз алып жүргені үшін кінәлі деп танылып, оған бас-аяғы 14 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің орташа мекемесінде өтейді. У-дың жазасын жеңілдететін және ауырлататын мән-жай анықталған жоқ. Жаза тағайындау кезінде сот қылмыстың жасалу жағдайын, сотталушының жасалған қылмысқа деген ұстанымын және жәбірленуші тараптың пікірін назарға алды», - деп мәлімдеді Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Ботақара Қарағанды облысы әйелін өлтірген сотталды

Тақырыпқа жаңалықтар