Депутат Еңбек министрінің мәлімдемесін сынады
Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform
/Kazinform
Қазақстан жаңалықтары6 қараша 2024, 17:00

Депутат Еңбек министрінің мәлімдемесін сынады

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Айдос Сарым Еңбек министрінің өткен аптада «жұмыс істеп жүрген зейнеткерлерге бюджеттен төлемдерді тоқтатуға қатысты» айтқан ұсынысы бойынша сауал жолдады. «Сіздің жұмыс істейтін зейнеткерлерге зейнетақы төлемдерін тоқтату туралы ұсынысыңыз наразылық тудырды. Мұндай қадам еңбек және әлеуметтік тұрғыда қамтамасыз ету құқығына кепілдік беретін ҚР Конституциясына қайшы келеді. Әрбір Қазақстан азаматы зейнеткерлік жасқа жеткенде де адал еңбек етуге құқылы. Олай болмаса, кәсіби мұғалімдердің, дәрігерлердің және басқа санаттағы мамандардың тапшылығына байланысты мәселені қалай шеше аламыз?!», - деді А. Сарым ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың атына жолдаған сауалында, - деп хабарлайды Arbat.media.

Оның айтуынша, enbek.kz мәліметіне сәйкес, 4 қарашадағы жағдай бойынша 53 826 бос жұмыс орны болса, оның ішінде 13 356-сында еңбек өтілі талап етілмеген, - деп жазады Kazinform агенттігі.

«Тағы бір тенденция бар – Қазақстаннан шетелге жұмыс күшінің кетуі, олар негізінен - жастар. Бұл үрдістер жұмыс орындарының жетіспеушілігінен емес, төмен жалақы және тартымсыз жұмыс жағдайларына қатысты», - деді депутат.

Оның пайымынша, жоғарыда аталған бастамалар ұрпақтар арасына алауыздық тудырып, зейнеткерлерді жастарға қарсы қояды. Зейнеткерлер жастардың жұмыс орындарын «иемденіп отыр» деген аргумент негізсіз.

«Осы орайда алдағы уақытта қоғамда әлеуметтік шиеленіс тудыратын мәлімдемелерден аулақ болуға шақырамын», - деді Айдос Сарым.

 

Айдос Сарым сынау Еңбек министрі Мәжіліс

Тақырыпқа жаңалықтар