Таңертең сабаққа келген: Семейде 19 жастағы студентті бұрынғы жігіті пышақтап кеткен

Семей қаласының шетіндегі Водный кентінде 19 жастағы студент қыз пышақ жарақатынан көз жұмды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп хабарлады Arbat.Media.

Бұл туралы КТК жазды. Оқиға 21 қыркүйекте тұрғын үйлердің бірінің маңында болған. Куәгерлердің айтуынша, алдымен көшеден айқай-шу естілген. Кейін тұрғындар жараланған қызды көріп, оған алғашқы көмек көрсетуге тырысқан.

Оқиға орнына жедел жәрдем мен полиция қызметкерлері келген. Алайда дәрігерлер бойжеткеннің өмірін сақтап қала алмады. Оның нақты қанша пышақ жарақатын алғаны әзірге айтылған жоқ.

Куәгерлер қыз бен жігіттің арасында жанжал болғанын айтады. Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті марқұмның бұрынғы жігіті болуы мүмкін. Дегенмен бұл ақпаратты тергеу органдары ресми түрде нақтылаған жоқ.

Қаза тапқан бойжеткен Семейдегі «Қайнар» колледжінің үшінші курсында білім алған. Оқу орны өкілдерінің сөзінше, ол сабағын жақсы оқыған, тәртібімен ерекшеленген және суреті колледждің Құрмет тақтасына ілінген. Қайғылы оқиға болған күні таңертең студент сабаққа келген.

Семей қалалық полиция басқармасы адам өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

Тақырыпқа жаңалықтар