Динара Зәкиева жалғызбасты ерлердің бала асырап алуына қарсы шықты
Кеше еліміздің Конституциялық соты ерлер мен әйелдер бала асырап алғысы келетіндердің тізімінде тең дәрежеде екенін жеткізді. Осы орайда сала мамандары бұл шешімнің қаншалықты орынды-орынсыз екеніне тоқталды, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева ұсынылған өзгерістермен келіспейтінін білдіріп, балаларды ресми некеде тұрмаған ер адамдардың қамқорлығына беруге тыйым салу керектігін айтып отыр, - деп жазады Kazinform агенттігі.
«Мен және бала құқығын қорғау комитеті осы мәселені талқылау кезінде қолданыстағы заңнамаға сәйкес некеде тұрмаған ер адамдарға бала асырап алуға салынған тыйымды күшінде қалдыру қажет деген ұстанымнан айныған жоқпыз», — дейді Динара Зәкиева.
Уәкіл Конституциялық соттың шешімі аясында заңнамаға өзгеріс енгізу кезінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің барлық тетігін қарастыру қажеттігін атап өтті.
«Бала асырап алуға ниеттілерге қойылатын шарттарды қатаңдату, сондай-ақ олардың асыраушы ата-ана мектебінде оқып, білімін жетілдіруін талап ету керек сияқты. Сонымен қатар, баланы бауырына басқан ата-ананы Балаларды қолдау орталықтары арқылы сүйемелдеу көзін қарастырған жөн», — деп толықтырды балалар омбудсмені.
Бұған дейін қоғам қайраткері әрі көпбалалы әке Нұркен Халықберген пікірін білдірген болатын.
Ол бала асырап алу мәселесінде кемсітушілік немесе жыныстық теңдік мәселелерін емес, ең алдымен баланың мүддесін ескеру керек деп санайды.
Айта кетсек, ҚР Конституциялық соты Неке және отбасы туралы кодекстің 91-бабы 2-тармағының 11-тармақшасын Конституцияға сәйкес емес деп таныды.
Осылайша Конституциялық сот ерлер мен әйелдер бала асырап алғысы келетіндердің тізімінде тең дәрежеде екендігін жеткізіп отыр.