Дүниежүзілік көшпенділер ойындары: Алғашқы алтынды Франция алды
Фото: Максат Шагырбаев/ Kazinform
Kazinform
Қазақстан жаңалықтары9 қыркүйек 2024, 10:23

Дүниежүзілік көшпенділер ойындары: Алғашқы алтынды Франция алды

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының алғашқы жарыс күнінде спортшылар жамбы ату спортының мажар стилі бойынша жүлдеге таласты. Жамбы атуға 27 мемлекеттен 78 спортшы қатысты. Олар 11 топқа бөлініп, үздіктер іріктеліп шықты. Нәтижесінде Франция құрамасының спортшысы Рафаэль Малет дүбірлі доданың алғашқы алтын медалін иеленді. Моңғолия өкілі Алтанкуяг Нергию күміс жүлдені олжалады. Францияның тағы бір өкілі Гайтан Блот «қолаға» қол жеткізді, - деп хабарлайды Arbat.media.

Қазақстан ұлттық құрама мүшесі Абзал Тұлыбеков үздік бестікке ілікті, - деп жазады Kazinform агенттігі.

«Мажар стилінің ерекшелігі — спортшы атпен жылдамырақ шауып, нысанаға көп оқ тигізу керек. Жебе санына шектеу жоқ. Қазақстан дирекциясы барлық спортшыны атпен қамтамасыз етті. Тоқсанға жуық атты дайындадық. Көшпенділер ойындарына ұлттық құрама спортшылары үш ай дайындалды. Жыл басынан бері төрт оқу-жаттығу жинын өткіздік. Әр спортшыға жеке тактика әзірледік», — деді Жамбы атудан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Елдос Бадашев.

Қазақстан құрамасы сапында Айтбек Сарыбай, Ералхан Айкөз, Батыр Бексауыт, Абзал Тулыбеков бақ сынады. Спортшыларымыз бұған дейін Әлем, Еуропа чемпионаттарында жүлделі орындарды иеленген.

Спортшыларымыз алдағы үш күнде 3 стиль (азия, түрік, қазақ) бойынша жүлдеге таласатын болады.

 

Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Франция Алтын

Тақырыпқа жаңалықтар