Елімізде кофе 20 пайызға қымбаттады
Елімізде кофе бағасы 20 пайызға өсті. Бұған себеп — Бразилиядағы қуаңшылық пен Вьетнамдағы су тасқыны. Өндіріспен бірге экспорт та азайған. Соның салдарынан әлемде осы сусын түрінің бағасы шарықтап шыға келді. Жыл басынан бері Қазақстанда бір ғана "арабика" сұрпының құны 40 пайызға көтерілген. Оған қант, сүт, бір реттік ыдыс сынды тауарлардың қымбаттауы да қосылды дейді жергілікті сатушылар, - деп хабарлайды Arbat.media.
Танзиля Хамзина кофесіз күнін елестете алмайды. Ұзақ уақыт фиброзбен ауырып, дәрігер оған үнемі кофе ішуге кеңес берген. Сондықтан зейнеткер кофенің тұрақты тұтынушысы. Тіпті қалтасында соңғы тиыны қалғанша кофе сатып алуға дайын, деп жазады КТК телеарнасы.
Танзиля Хамзина:
— Шынымды айтсам, эндокринолог дәрігерім маған қантсыз қара кофе ішуді тапсырған. Мен бірақ оны ғана емес, капучиноны да жиі ішіп тұрамын. Кем дегенде. аптасына төрт рет. Ақшамды басқа дүниеге үнемдесем де, кофеге үнемдемеймін. Көп қаражат жұмсадым деп те ойламаймын. Себебі кофені қатты ұнатамын.
Елімізде кофеге деген сұраныс соңғы жылдары өсіп келеді. Әсіре Алматыда. Қай бұрышқа бұрылсаңыз да, алдыңыздан «мен мұндалап» кофехана шығады. Жұрттың осы қоңыр сусынға бой үйреткені сонша, жаяулап та, көлікте келе жатып та ішеді.
Елдар Жилин:
— Кофені күніне үш шыныдан ішемін. Көбіне капучино аламын. Шамамен күніне 5000 теңгем осы кофеге кетеді. Ал бағасын айтарлықтай қымбаттады деп айта алмаймын. Бірақ үстіне ақша қосылғанын байқадым.
Мәселен, бұл дәмханада бір шынаяқ қара кофенің бағасы көлеміне қарай 700-800 теңге. Ал капучино, латте, карамель латте сынды кофенің басқа да түрі 1000 теңгеден басталады. Әйтсе де оған қарамастан, мұнда келушілердің қатары көп. Әлемде қазір кофе бағасы соңғы 16 жылда болмаған деңгейге өсіпті. Жыл басынан бері бір ғана "Арабика" сұрпының құны 40 пайызға көтерілген. "Робуста" сұрпының бір тоннасы тіпті 3800 доллардан саудалануда. Өйткені оны өндіретін Вьетнамда өнім соңғы төрт жылдан бері аз жиналған. Оған әлемдегі ең ірі кофе экспортері — Бразилиядағы биылғы қуаңшылық қосылды.
Ал Қазақстандағы сатушылар дайын кофе бағасының өсуіне қант, сүт, бір реттік ыдыстар секілді өзге тауарлардың қымбаттауы да әсер етті деп отыр.
Александр Кулешов, кофейня қызметкері:
— Қазақстанда кофе бағасы соңғы бір жылда 20 пайызға өсті. Өйткені ірі өндіруші елдерде құрғақшылық пен су тасқыны болып жатыр. Алда тағы қымбаттауы мүмкін деген болжам бар. Бірақ оның өсуіне нарықтағы басқа да өнімдер септігін тигізеді. Бір реттік ыдыстар мен қант, сүттің де әсері болады. Дегенмен біз барынша бағаны көтермеуге тырысамыз.
Сондықтан алдағы уақытта кофе құны тағы өссе таң қалмаңыз.
Айта кетейік, мамандар қоңыр сусынды сергек жүремін деп жиі ішуге болмайды дейді. Өйткені ағзаға тәуелділік тудыруы мүмкін. Дегенмен көпшілік бұл ескертуді елемейтін сыңайлы.