Placeholder Еңбек күні: Қазақстанда жұмысшылар мәртебесі қалай көтеріледі
Коллаж: kazinform / Midjourney
Midjourney
Қазақстан жаңалықтары29 қыркүйек 2024, 8:30

Еңбек күні: Қазақстанда жұмысшылар мәртебесі қалай көтеріледі

Жыл сайын қыркүйек айының соңғы жексенбісінде елімізде Еңбек күні аталып өтеді. Бұл күн 2013 жылы Президент Жарлығымен жұмысшы мамандықтарын құрметтеу дәстүрлерін жаңғырту және еңбектің маңызын түсіну мақсатында белгіленген еді. Ал биыл Мемлекет басшысы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялауды және олардың мәртебесін көтеруді ұсынды. Kazinform агенттігі атаулы жылдың қалай өтетінін және жұмысшылар мәртебесі қалай артатынын баяндайды, - деп хабарлайды Arbat.media.

Жұмысшы мамандықтары қалай жіктеледі

ҚР Еңбек кодексінің 101-бабының 8-тармағына сәйкес, жұмыскерлерге қойылатын біліктілік талаптары мен белгілі бір жұмыс түрлерінің күрделілігі кәсіптік стандарттар негізінде белгіленеді, - деп жазады Kazinform агенттігі.

Егер кәсіптік стандарттар болмаса, бұл талаптар Жұмыстар мен жұмысшы кәсіптерінің бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығы (БТБА) бойынша анықталады. Биыл экономикалық қызмет түрлері бойынша БТБА-ның 68 анықтамалығы қолданыста болды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығымен бекітілген жұмысшылардың кәсіптері білікті және білікті емес санаттарға бөлінеді. Білікті санатқа БТБА-ға сәйкес кәсіптік даярлауды және арнайы білімді талап ететін жұмысшылар жатады. Білікті емес жұмысшылар қол құралдарымен және белгілі бір күш жұмсаумен байланысты қарапайым механикалық жұмыстарды орындайды. Аталған кәсіп санатының көпшілігі үшін жалпы немесе жалпы орта білімінің болуы және жұмыс орнында үйрену тән.

Жұмысшы кәсіптерінің тарифтік-біліктілік сипаттамалары еңбек бөлінісіне, техникаға, технологияға қол жеткізу деңгейіне және еңбек пен өндірісті ұйымдастыруға байланысты 8 разрядты тарифтік кестеге сәйкес әзірленді. Экономикалық қызмет түрлері бойынша жұмыстардың негізгі көлемі бірінші 6 разрядқа жатқызылған, ал 7 және 8 разрядтар жоғары күрделі жұмыстарға арналған. Жұмыс разрядтары еңбек жағдайларын ескерусіз, олардың күрделілігі бойынша белгіленеді. Қажет болған жағдайда еңбек жағдайлары (ауырлығы, зияндылығы, қауіптілігі) ҚР Еңбек кодексінің 105-бабына сәйкес жоғары лауазымдық жалақыларды немесе қосымша ақы белгілеу жолымен ескеріледі.

Жұмысшылар еңбекақысы қалай өседі

«Мемлекет басшысы Қазақстан халқына кезекті жолдауында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялауды және олардың мәртебесін көтеруді ұсынды және ең алдымен, су, энергетика, құрылыс және басқа да салаларда қатты байқалып отырған кадр тапшылығын жою қажеттігін атап өтті. Алайда еңбек заңнамасына сәйкес Еңбек министрлігі мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдары қызметкерлерінің еңбекақысын реттейді», - деп жазылған салалық министрліктің ресми жауабында.

Президент тапсырмасына сәйкес, 2022 жылдан бастап бюджет саласы қызметкерлерінің жекелеген санаттарының, оның ішінде жұмысшы мамандықтардың жалақысы жылына орта есеппен 20%-ға кезең-кезеңімен көтерілуде. Нәтижесінде 2025 жылға қарай олардың жалақысы 2 есеге артады.

Өз кезегінде жеке меншік нысанындағы ұйымдардағы қызметкерлер жалақысының мөлшері еңбек, ұжымдық шарттармен белгіленеді және ол жұмыскердің біліміне, орындалатын жұмыстың күрделілігі мен сапасына қарай белгіленеді.

Жұмысшылар қандай марапаттарға ұсынылады

«Мемлекеттік наградалар туралы» заңның 1-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының азаматтары жемісті мемлекеттік, қоғамдық, шығармашылық қызметі, еңбектегі және жауынгерлік ерліктері үшін, сондай-ақ олардың республикаға сіңірген еңбегінің танылуы ретінде мемлекеттік наградалармен марапатталады. Заңда орден түріндегі наградалар, медальдар, құрметті атақтар, құрмет грамоталары және жоғары дәрежелі айырым белгілері көзделген.

Мысалы, азаматтар экономикадағы, әлеуметтік саладағы, ғылымдағы, мәдениеттегі және мемлекеттік қызметтегі еңбек жетістіктері үшін «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталады. Мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі, экономиканы, әлеуметтік саланы, ғылым мен мәдениетті дамытудағы, мемлекеттік, құқық қорғау және әскери қызметтегі, демократия мен әлеуметтік прогресті дамытудағы ерекше еңбегі үшін азаматтар «Отан» орденімен марапатталады.

Ал еңбек адамының беделін арттыру мақсатында «Еңбек ардагері» медалі мен «Қазақстанның Еңбек Ері» жоғары ерекшелік белгісі бекітілген. «Еңбек Ері» - Қазақстан Республикасын экономикалық, әлеуметтік-гуманитарлық дамытудағы аса үздік жетістіктері үшін беріледі. Ал «Еңбек ардагері» медалімен зейнет жасына толған (салаға байланысты емес), жалпы жұмыс өтілі 40 жылдан асатын, оның ішінде бір салада кемінде 10 жыл жұмыс өтілі бар, сондай-ақ еңбек қызметінде жоғары нәтижелерге қол жеткізген қызметкерлер марапатталады.

Сонымен бірге, мемлекеттік органдардың басқа да ведомстволық наградалары – медальдар мен төсбелгілер көзделген. Денсаулық сақтау саласында «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен Денсаулық сақтау жүйесінің қызметкерлері, сондай-ақ халықтың денсаулығын қорғау ісіне ерекше үлес қосқан өзге де адамдар марапатталады.

Мұнай-газ саласында мұнай-газ өндірісінің тиімділігін, шығарылатын өнімнің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, оны әлемдік нарықта дамытуға және өнімнің жаңа түрлерін жасауға үлкен үлес қосқан жоғары кәсіби қызметкерлер «Мұнай-газ кешенін дамытуға қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталады.

Жұмышыларға арналған жаңа награда пайда болуы мүмкін бе

Еңбек министрлігінің хабарлауынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында жұмысшы кәсіптері мен түрлі сала мамандарының беделін дәйекті түрде арттыруды тапсырған.

Жолдауда мемлекеттік наградалар жүйесіне инженерлер, геологтар, кен орындарын әзірлеушілер, көлік, аграрлық және су салаларының қызметкерлері, сондай-ақ ғалымдар мен өнертапқыштар үшін құрметті атақтар енгізу жөнінде жазылған.

«Мемлекет Басшысының тапсырмасын орындау үшін тиісті салалық мемлекеттік органдар жоғарыда аталған кәсіптер бойынша жаңа құрметті атақтар енгізу жөнінде ұсыныстар қалыптастырып, енгізеді. Сонымен қатар, Жолдауды іске асыру үшін жыл сайын жалпыұлттық іс-шаралар жоспары қалыптастырылады. Жоспар және тиісті бекітулер бекітілген соң, мемлекеттік органдар тиісті жұмыстарды жүргізеді», - деп түсіндірді министрлік.

Елімізде қандай жұмысшы мамандарына тапшылық бар

Орта мерзімді болжамға сәйкес, жұмысшы мамандары бойынша кадрларға қажеттілік 2030 жылға қарай 410,6 мың адамға жетеді (биыл – 52,7 мың адамға тапшылық бар).

Олардың ішінде ең көп сұранысқа ие мамандықтар – автомобильдердің, жүк автомобильдерінің жүргізушілері, такси жүргізушілері – 88,1 мың адамды, дәнекерлеушілер – 18 мың адам, құрылысшы-монтажшылар, құрылысшы-әрлеушілер, суретшілер – 13,4 мың адам, сантехниктер – 13,2 мың адам, фермерлер мен аралас өнімдерді өндіру бойынша жұмысшылар – 12,4 мың адам, сылақшылар – 11,2 мың адам, тракторшылар – 11 мың адам, өнеркәсіптік жабдықтардың слесарлары – 8,2 мың адам және басқалары бар.

Сонымен қатар, Электронды еңбек биржасы порталында жұмысшы мамандарына жұмыс берушілерден 15 722 бос жұмыс орындары жарияланған, ондағы жалақы мөлшері 85 мың теңгеден 500 мың теңгеге дейін жетеді.

«Жұмысшы мамандықтары жылы» қалай өтеді

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын үздік еңбек әулеттері мен өндіріс қызметкерлерін анықтауға бағытталған «Еңбек жолы» конкурсын өткізеді. Конкурс жұмысшы мамандықтарын дәріптеу, қоғамдағы еңбек адамының мәртебесін арттыру, еңбек адамдары туралы оң қоғамдық пікір қалыптастыру және жас ұрпаққа еңбекке құрметпен қарауға тәрбиелеуді көздейді.

Байқау өңірлік және республикалық деңгейлерде екі кезеңде өткізіледі және «Үздік еңбек әулеті», «Өндірістің үздік жас қызметкері» және «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинацияларын қамтиды. Жеңімпаздар салтанатты түрде ақшалай сертификаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады. Бұл алаңда дәстүрлі түрде «Еңбек ардагері» медалінің иегерлеріне құрмет көрсетіледі.

Бұдан басқа, қыркүйектің әр соңғы жексенбісінде атап өтілетін Еңбек күнін мерекелеу шеңберінде жыл сайын іс-шаралар жоспары бекітіледі:

- «Еңбек жолы» конкурсының жеңімпаздарын, еңбек ардагерлерін, өндіріс озаттарын және «Еңбек ардагері» медалімен, республикалық және өңірлік деңгейлерде марапаттау рәсімдері өтеді;

- барлық санаттағы азаматтарға, оның ішінде мүгедектігі бар адамдарға, жұмыссыз жастарға жұмысқа орналасуға жәрдемдесу бойынша бос орындар жәрмеңкелері, Ашық есік күндері өтеді;

- мәдени-бұқаралық іс-шаралар, оның ішінде спорт фестивальдері ұйымдастырылады;

- еліміздің оқу орындарында дәрістер, сынып сағаттары, студенттік пікірталастар өткізіледі.

Қазақстан жұмысшылар мәртебесі Еңбек күні

Тақырыпқа жаңалықтар