Кәрім Мәсімовтың самурай қылышы мен белдігі сатылды

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтің зәулім үйінен тәркіленген самурай қылыш 3 413 825 теңгеге сатылды. Оның бастапқы бағасы 461 312 теңге болған, деп хабарлайды Arbat.Media.

Бүгін, 20 ақпанда қайтарылған активтерді басқару компаниясы сатылымға екі бағалы бұйымды шығарды. Мәсімовтың зәулім үйінен тәркіленген самурай семсері және арнайы қораптағы ұлттық өрнекпен безендірілген былғары белдік сатылды.

Аукцион электронды сауда порталында өтті. Самурай семсері 3 413 825 теңгеге сатылды. Оның бастапқы бағасы — 461 312 теңге болған. Қылыштың жүзі болаттан жасалған. Ал сабы бедерлі геометриялық өрнекпен безендірілген. Саудаға алты үміткер қатысып, әрқайсысы 69 мың теңге көлемінде кепілдік жарна төледі.

Ал ұлттық өрнекпен әшекейленген былғары белдік 524 261 теңгеге сатылды. Оның бастапқы бағасы 183 750 теңге болған. Металл және күміспен қапталған белдікке 4 үміткер саудаласты.

Айта кетейік, Кәрім Мәсімов 2022 жылғы қаңтардағы оқиға кезінде ұсталды. 2023 жылдың сәуір айында Астанадағы сот Мәсімовті мемлекетке опасыздық жасағаны, билікті күшпен басып алуға тырысқаны, билік пен лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны үшін 18 жылға бас бостандығынан айырды.

ұлттық Қауіпсіздік белдік сатылды

Тақырыпқа жаңалықтар