Қазақстан жаңалықтары14 наурыз 2024, 12:34

Мәжілісмен жастарды насыбайдан қорғауға шақырды

«Жігіттер, атпаңыздар насыбайды, нас атсаң, лас боларсың басыбайлы». Осылай деген мәжілісмен бесіктен белі шықпаған жас буынды лас әдеттен қорғауға шақырды. Жарқынбек Амантайұлы 4-5 сынып оқушыларының емін-еркін насыбай атып жүргеніне байланысты дабыл қағып, премьер-министрдің орынбасары мен ішкі істер министріне сауал жолдады, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы КТК телеарнасы жариялады.

Бір өкініштісі, заңда шектеу қойылғанымен, орындалуында осалдық басым.

Мәселен, насыбай саудасымен ұсталғандарға әуелі ескерту жасалып, кейіннен небәрі 5 айлық есепті көрсеткіш мөлшеріндегі айыппұл салынады екен.

Ал шағын және орта кәсіпкерлерге салынатын айыппұл мөлшері – 20 айлық есептік көрсеткіш.

«Саудагерлер мұны шыбын шаққан құрлы көрмей отыр» дейді депутат.

Сол себепті бұл зиянды зат сауда орындарында, базарлар мен дүкендерде емін-еркін сатылуда.

Бағасы да қолжетімді, ал зияны шаш-етектен.

Жарқынбек Амантайұлы ел үміт күтіп отырған спортшы жастар арасында да бұл кері әдеттің қалыпты жағдайға айналғанына қапалы.

Кей деректер бойынша, халықтың 10 пайыздан астамы насыбайды қолданады екен. Ең қауіптісі – оның құрамында қандай улы заттардың бар екені белгісіз.

Жарқынбек Амантайұлы, Мәжіліс депутаты:

— Еліміздің дәрігерлері насыбай атудың адамды тәуелділікке ұшыратумен қатар, түрлі ауруларға да душар ететінін айтады. Тіпті ол қатерлі ісікке, ұрпақсыздыққа апаратыны ғылыми дәлелденген. Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты мамандарының айтуынша, насыбай тұтыну ауыз қуысының қатерлі ісігінің дамуына әкеледі. Сондықтан елді улап отырған бұл қатерлі дертті ауыздықтап, оның таралуына мүлдем тосқауыл қою қажет.

Жарқынбек Амантайұлы насыбай Жастар Қорғау

Тақырыпқа жаңалықтар