Несие алмас бұрын нені білген жөн?
Несиені алмай тұрып жеті рет өлшеп, бір рет кесу туралы аз айтылған жоқ. Әрине, әңгіме тұтынушылық қарыз туралы болып отыр. Өйткені қазір екінші деңгейлі банктер ұсынатын өнімнің осы түрі тым қолжетімді болып кетті. Несие алушылар артып шыға келді. Төлей алмай жатқандар да жетерлік. Ел бойынша тұтынушылық берешектің көлемі рекордтық мәнге дейін көтерілді. Бұдан екі тарап – халық та, банк те зардап шегеді. Осы орайда кейбір кеңестерді қаперге алғанның зияны жоқ, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы Egemen.kz жазады.
«Алдымен өзіңіз үшін «несие алу қажет пе, несие алмай-ақ мәселені шешуге бола ма» деген сұрақтарға жауап іздеп көріңіз?», дейді «Fingramota» сарапшылары. Мүмкін біраз күте тұрып, ақша жинарсыз. Кез келген несиені, оның ішінде тұтынушылық қарызды рәсімдеу жауапкершілікті арттырады, ең алдымен сізге қарыз алушы ретінде белгілі бір уақыт ішінде орындауыңыз керек міндеттеме жүктеледі.
Жоқ, бәрібір тұтынушылық несие рәсімдеймін деп шешім етсеңіз, онда оның барлық шартын зерделеп, қаржылық мүмкіндігіңізді алдын ала есептеңіз. Бірнеше кредиттік ұйымның (банктер мен МҚҰ) сайтына мониторинг жүргізіп, олардың ұсыныстарын талдау керек.
«Өзіңіз үшін ең жақсы нұсқаны таңдап, менеджерден несие берудің барлық шарттарын: қарыз сомасы, төлемдер мерзімі мен мөлшері, несие алу немесе мерзімінен бұрын өтеу кезінде комиссиялар бар ма, барлық пайыз бен төлеммен несиенің толық құны қандай болады, артық төлем қанша болады және басқа да маңызды мәселелерді нақтылап алыңыз. Әлеуетті қарыз алушы қарыз шартын жасасқанға дейін кредиттік ұйым клиентке туындаған барлық мәселе бойынша, оның ішінде кредит беру мерзімі; сыйақы мөлшерлемесінің түрлері: белгіленген немесе өзгермелі, егер сыйақы мөлшерлемесі өзгермелі болса, есептеу тәртібі; клиенттің өтініш берген күніне жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің мөлшері (нақты құны) туралы толыққанды кеңес беруге міндетті екенін білуі қажет. Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі – бұл қарыз алушы кредит шарты бойынша төлейтін барлық төлемнің жалпы сомасы», дейді.
Сонымен қатар олар сараланған және аннуитеттік деп бөлінетін кредитті өтеу әдістерін де қарастырыңыз дейді. Біріншісі кредит беру мерзімі ішінде бара-бар азайтылатын, теңдей бөлінбеген, ай сайынғы төлемді білдіреді. Екінші жағдайда ай сайынғы төлемдер кредит берудің бүкіл мерзіміне теңдей бөлінеді.
Азаматтар шарттың талаптарын дұрыс оқымау, өзінің кредиттік міндеттемесін орындауға салғырт қарау мен өзінің төлем қабілеттілігін артығымен бағалаудың кредиттік құжаттамаға теріс әсер етуі мүмкін екенін түсінуі қажет. Кредитті таңдау жауапкершілікті, тәртіпті және қарыз алушының дұрыс әрекетін талап етеді.
Егер кредит рәсімдеу кезінде сіз сақтандыруды сатып алған болсаңыз, сақтандыру сыйлықақысының бір бөлігін қайтарып көруге болады. Қайтару мүмкіндігі де шартта көрсетілген. Онымен таныспай, шартқа қол қоймаған ләзім. Мерзімінен бұрын өтеуден бұрын кредиттің нақты сомасын нақтылап алу қажет: егер сіз бұрын кредит бойынша мерзімді кешіктірген болсаңыз, қарыз жинақталып қалуы мүмкін. Сөйтіп, алдағы уақытта шотты толықтырған кезде ең алдымен өсімпұл мен айыппұл сомасы, содан кейін ғана ай сайынғы төлем есептен шығарылады.
«Сонымен қатар сіз енгізген соманы әдеттегі ай сайынғы төлем ретінде рәсімдеп, оны мерзімінен бұрын өтеу үшін енгізілген қаражат ретінде есепке алмайтын жағдайлар да болып жатады. Сондықтан мерзімінен бұрын өтеу үшін ақша енгізуден бұрын кредитормен хабарласып, сіздің жағдайыңызда мұны қалай жасаған дұрыс болатынын нақтылап алған жөн. Егер сіз кредитті толығымен мерзімінен бұрын өтеген болсаңыз, кредиттік ұйымнан сіздің берешегіңіздің толығымен жабылғаны туралы қол қойылған және мөр басылған ресми анықтаманы сұрағаныңыз абзал. Кейбір кредиттік ұйымдарда бұл қызмет ақылы негізде болуы мүмкін», деп ескертеді мамандар.
Өзіңізге қатысты дербес кредиттік есепті ұдайы тексеріп отыру да маңызды. Ол қолданыстағы және жабылған қаржылық міндеттемелер туралы бүкіл ақпаратты қамтиды. Яғни кредиттік ұйымның атауы, қарыз сомасы, берешекті беру және оны өтеу мерзімдері туралы ақпарат беріледі. Кредиттік тарихты жиі, тым болмаса жарты жылда бір рет тексеріп отыру қажет. Осылайша, сіз өзіңіздің кредиттік есебіңізде көрсетілген ақпараттың дұрыстығын, сондай-ақ атыңызда «өтелмеген» қарыздардың бар-жоқтығын тексере аласыз.
Мамандар банктік қарыздарды немесе микрокредиттерді, онлайн-кредиттерді тек Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің лицензиясы бар ұйымдардан ғана алу қажеттігін ескертеді. Лицензияның бар-жоғын агенттік сайтының «Қаржы нарықтары» бөлімінде тексеруге болады. Жалпы, кредиттің үлкен жауапкершілік екенін әрқашан есте сақтаған маңызды.