Отандық автонарық өзгенің ескісіне зәру ме?
Алматыда автомобиль нарығына қатысушылар форумында ендігі жағдайдың мүлдем басқа сипатпен дамитыны белгілі болды. Автосалон басшысы Бекнұр Несіпбаевтың айтуынша, жаңа ойыншылардың пайда болуына байланысты нарықтың «дене қызуы» көтеріліп кетті. Тіпті мұны технологиялық соғыс жағдайындағы текетірес деп бағалауға болады, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы Egemen.kz жазады.
«Біздің нарыққа сырттан көз салушылар тым көп. Әзірге белгілісі – әртүрлі деңгейдегі 15 қытайлық бренд бізге келіп, ресми орталығын ашуға дайын. Демек алпауыттар арасындағы аламан бәйгенің дүбірі құлақ түбінен естіле бастады. Нарықтың ландшафы қиялымызға да келмейтін түрлі түсті реңде өзгеруге көшті. Енді түрлі бағдарлама айналымға енеді. Бренд компаниялар тауарының бәсін көтеру үшін түрлі жеңілдікке барады. Бұл – тұтынушы үшін оң өзгеріс. Жалпы, нарық ұзаққа созылған тоқыраудан шықты. 2023 жылы 198 686 бірлік жаңа көлік сатылды, 2024 жылы сатудың оң динамикасы жалғасуы мүмкін, бірақ өткен жылмен салыстырғанда төмендеуі де ықтимал. 2020–2022 жылдары коронавирус пандемиясымен байланысты өндірістік және логистикалық дағдарысқа, сондай-ақ батыс тарапынан салынған санкцияларға байланысты жаңа көліктердің тапшылығы байқалды. Осы дағдарыс кезеңінде ескі көліктердің бағасы өсті», дейді Б.Несіпбаев.
2024 жылдың көктемінде отандық автоөндірушілерге қойылатын талаптар жаңарды. Алдағы үш жыл ішінде шағын қондырғыларды құрастыру үлесі кәсіпорындардың жалпы өнімінің 50%-ын құрауы керек. Үкімет кейінгі үш жылда өнеркәсіптік құрастыру режімінде жұмыс істейтін автоөндірушілерге қойылатын талаптарды үш рет күшейтті. 2024 жылғы сәуірдегі жағдай бойынша көлік құралдарын өнеркәсіптік құрастыру бойынша 8 келісімшарт күшінде болса, оның екеуі жеңіл автокөлік өндірушілерімен – «Hyundai Trans Kazakhstan» және «СарыарқаАвтоПроммен» жасалған. Сондай-ақ Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі арнайы техника мен автобус өндірушілермен: «Daewoo bus Kazakhstan», «Hyundai Trans Auto», «QazTehna», «SemAz», «Камаз-Инжиниринг» және «Уральскагреммаш» компанияларымен осындай келісімшарт жасаған. Мультибрендті зауытқа биыл 400 миллион доллар қаржы құйылатыны жақында мәлім болды. Бастапқы жылдары 9 модель шығарылады.
Сарапшылар сөзінше, біз сыртқы нарықтың атмосферасына тәуелдіміз. Кейінгі бірер жылда құрамдас бөліктерді локализациялауға басымдық беріле бастады. Мысалы, бір автокреслоның логистикалық құны 50%-ға, 330 доллардан 165 долларға дейін төмендейді, яғни жеткізу құны екі есе азаяды. Ал егер көліктің қозғалтқышы немесе сыртқы корпусы өзімізде дайындалса, логистикалық құны 600 доллардан 450 долларға дейін төмендейді. Біздің жағдайымызда көліктің электронды басқару құрылғысынан өзге бөлшектердің басым көпшілігін өзімізде шығаруға мүмкіндік бар. IT мамандарын көлік индустриясының қыр-сырына бағдарласақ, біраз түйткіл тарқатылар еді.
Наурыз айының соңында Алматыда автокресло шығаратын зауыттың құрылысы жүріп жатқаны хабарланған болатын. Бұл – «Vehicles Almaty», «Astana Motors» және «Youngsan Kazakhstan» компанияларының бірлескен кәсіпорны. Оның өндірістік қуаты жылына 100 мың орынды құрамақ.
Тәуелсіз сарапшылар ел тұрғындары Қытайдан келген көліктерді өздері міну үшін алатынын айтады. Сатылымға шығарған жаңа көліктердің 30%-ы Қытайдан әкелінген. Қазір Қытай электрлі көліктер өндірісінде әлемде көшбасшы болуға ұмтылып жатыр. Қытайда 2028 жылға қарай жылына 8 млн электрмобиль шығарылады деп болжанып отыр. Ал Еуропа осы уақытқа таман 5,7 млн, Солтүстік Америка нарығы тек 1,4 млн электрлі көлік шығарамыз деп жоспарлапты. 2023 жылдың қорытындысы бойынша елімізде сатылған танымал 10 брендтің жетеуі Қытайда шығарылған көлік екен. Өткен жылы қытайлық автобрендтер біздің нарықтағы үлесін екі есе арттырды. Ең көп сатылатын қытайлық автобрендтер – «Chery», «Haval» және «Jac».
Сарапшылар жиі айтатындай, Қытай автокөліктерінің артуына бірінші кезекте қаржылық жағдай әсер еткен. Бюджетті брендтер нарықтан кетіп қалғаннан кейін, бағасы арзан Қытай көліктеріне сұраныс артқан. Екінші себеп – Қытайдың аз уақыт ішінде жақсы көлік жасап үйренуі және бағасының да көптің көңілінен шығуы.
Автокөлік нарығының мониторингі және талдау агенттігінің басшысы Артур Мискарян қытайлық брендтер керек кезде және өзін қажет ететін ортада пайда болғанын айтып берді.
«2023 жылы Қазақстандағы сатылымдар бойынша алғашқы ондыққа 6 қытайлық бренд кірді. Бұл – үлкен көрсеткіш. Олардың сұранысқа ие еместігін уақыт көрсетеді. Бізде қытайлық көліктермен «байланыс» тәжірибесі әлі жинақталған жоқ. Көрші ел алдағы бірер жылда ішкі нарықта көлік саудасын ынталандыру, жаңа көліктер саудасын арттыру үшін ескі автокөлік экспортын арттыру мүмкін. Ішкі нарықта жаңа көліктер саудасын арттыру үшін не істеу керек деген мәселе қазір барлық елде өзекті. ҚХР билігі шетелге ескі автокөлік экспортын арттыруды барынша қолдайтыны анық», дейді сарапшы.
Автокөлік одағының президенті Анар Мақашованың айтуынша, елімізде ескі автокөліктерді азайтудың бірнеше жолы бар. Отандық автоөндірушілерді қолдау және ескі көліктер санын азайту үшін Түркиядағыдай шекараны жауып алуға немесе Өзбекстандағыдай салық пен тарифтерді өсіруге болады.
Бұған дейін автопарк жылына 100–150 мың көлікке дейін жаңартылатын. Қазір ол өте ескі көліктермен толығып жатыр. Басқа нарықтар өз елдерін ескі көліктерден босатып, дамушы елдерге ығыстыра бастағаны да жиі айтылады. Күні бүгіне дейін Еуропаның қоқысын жисақ, енді оның қатарын Қытайдың ескі көліктері толықтыруы мүмкін. Азаматтар еліміздің ескі көліктер жиналатын алаңға айналуын қаламайды. Автопаркті жаңартып, мүмкіндігінше көп құрал-сайманға ие болуын және ескі көліктердің зейнетке шығуын қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдау қажет.