Қазақстан жаңалықтары14 қазан 2023, 11:00

Қасым-Жомарт Тоқаев Таяу Шығыстағы қазіргі ахуалға пікір білдірді

ТМД-ға мүше Мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысып жатқан Президент Қасым-Жомат Тоқаев Таяу Шығыстағы қазіргі ахуалға қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Arbat.media.

«Қазақстан халықаралық өзекті проблемаларды шешу үшін лаңкестік әдістерді қолдануға мүлдем қарсы. Ондаған жыл бойы шешімін таппай келе жатқан міндеттерді жүзеге асыру үшін бейбіт азаматтарға зорлық-зомбылық көрсетіп, террорлық акциялар жасауға болмайды. Бұл – еш ақтауға келмейтін әрекет» – деді Президент.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның халықаралық қатынастарда әділдік қағидатын орнатуды, халықаралық қоғамдастықтың барлық мүшесінің заңды және егемендік құқығын ескере отырып, оны демократияландыруды жақтайтынын жеткізді.

Мемлекет басшысы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі қазіргі тоқырау жағдайында әмбебап ұйымның өкілдік аясы анағұрлым кең органы саналатын БҰҰ Бас Ассамблеясының рөлін күшейтуге мүмкіндік бар әрі қажет деп есептейді.

«Бұл ретте БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін реформалау ісінде асығыстық танытуға болмайды. Біздің ойымызша, бұл маңызды органға әлемнің барлық аймағының елдері, соның ішінде жаһандық Оңтүстік мемлекеттері мүше болуға тиіс. Шын мәнінде, бұл ұстанымды осы жиынға қатысып отырған мемлекеттер басшыларының барлығы құптайтыны қуантады», – деді Президент.

Кеңесте сондай-ақ, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Ресей Президенті Владимир Путин, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, ТМД Бас хатшысы Сергей Лебедев сөз сөйледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев таяу шығыс Пікір

Тақырыпқа жаңалықтар