Республикалық бюджет: шығын көп, табыс аз
2023 жылдың қаңтар-қыркүйегінде республикалық бюджеттің табысы 12,9 трлн теңге болды, бұл былтырғыдан 9,7 пайызға көп. Ал шығын 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бірден 22,5 пайызға көбейіп, 15,3 трлн теңгеге жетіпті, - деп хабарлайды Arbat.media.
Finprom мәліметі бойынша, шығын мен табыс арасындағы айырмашылық – 2,4 трлн теңге, арақатынасы – 118,5 пайыз. Ал былтыр айырмашылық 720,9 млрд теңге, арақатынасы 106,1 пайыз болған. Соңғы жылдары шығын табыстан үнемі асып кетіп жүр.
Биыл қаңтар-қыркүйектегі республикалық бюджет табысының 69,1 пайызы салық түсімдері есебінен қалыптасты. Жалпы, жыл басынан бері қазынаға 8,9 трлн теңге салық түскен, бұл былтырғы қаңтар-қыркүйекпен салыстырғанда бірден 23 пайызға артық. Ең көп бөлігін қосылған құн салығы (4,1 трлн теңге), корпоративтік табыс салығы (2,4 трлн теңге) және акциздер (116,6 млрд теңге) құрады.
Салықтық емес түсімдер – 245,7 млрд теңге (бір жылда 1,9 пайызға көбейген), негізгі капиталды сатудан түскен табыс 401,3 млн теңге (69,2 пайызға азайған) болыпты. Ал трансферттер 3,7 трлн теңге, былтырғыдан 12,4 пайызға аз.
Республикалық бюджет шығынына келетін болсақ, биыл қаңтар-қыркүйек қорытындысы бойынша оның басым бөлігі әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қамсыздандыруға тиесілі болды: 3,5 трлн теңге, бір жылда 8,4 пайызға көбейген. Бұл – мемлекеттік бюджеттің барлық шығынының 22,8 пайызы.
Шығынның тағы 9,9 пайызы денсаулық сақтау саласына жұмсалды: 1,5 трлн теңге – былтырғыдан 9,9 пайызға көп. Одан кейінгі орында 5,1 пайыз үлеспен қоғамдық тәртіпті, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқықтық, сот және қылмыстық-атқару қызметі саласына жұмсалған шығын тұр (жыл басынан бері 785,9 млрд теңге, 21,5 пайызға көбейген).
Қарызға қызмет көрсетуге бюджеттен 1,6 трлн теңге жұмсалған. 2022 жылы бұл бағыттағы шығын 1,1 трлн теңге болған. Жылдық өсім – 42,5 пайыз.