Стоматологиялық қызметтің бағасы өзгерді
Energyprom.kz сайты ұсынған мәліметке сүйенсек, елімізде стоматологиялық қызметтің бағасы қымбаттаған. Биылғы бірінші жартыжылдықта стоматологиялық қызмет көрсету көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 44,3%-ға өсіп, 48,8 млрд теңгені құраған. Өткен жылы бұл көрсеткіш 33,8 млрд теңге болатын, - деп хабарлайды Arbat.media.
Өткен жылмен салыстырғанда қызмет көрсету көлемінің ең көп өсімі Шымкент қаласында (+95,3%), сондай-ақ Жамбыл (+74,4%) және Қызылорда (+61,8%) облыстарында тіркеліп отыр, - деп жазады Kazinform агенттігі.
Қызметтер ең көп көрсетілген өңірлер:
— Алматы қаласында (12,4 млрд теңге);— Астанада (11,8 млрд теңге);— Ақтөбе облысында (2,3 млрд теңге).
Баға мәселесіне келетін болсақ, ағымдағы жылдың тамыз айында стоматологиялық қызмет өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,5%-ға қымбаттады.
Атап айтсақ:
— жергілікті анестезиямен тіс жұлу — 17,4%-ға;— кариесті емдеу — 15,4%-ға;— тіс протездеу — 8,7%-ға;стоматологиялық қалдықтарды жою — 7,3%-ға өскен.
Өңірлерде бағаның ең үлкен өсімі елордада тіркелді, онда баға 29,6%-ға артқан. Бағаның айтарлықтай өсуі Қарағанды және Қостанай облыстарында да байқалды (тиісінше 23,8%-ға және 17,2%-ға).
Бағаның ең төмен жылдық өсімі Алматыда (3%-ға), сондай-ақ Солтүстік Қазақстан (8,1%-ға) және Атырау (8,3%-ға) облыстарында тіркелді.
Еліміздің 20 өңірінің ішінде тек Батыс Қазақстан облысында ғана баға өткен жылғы деңгейде қалғанын атап өткен жөн.