Судья: Ажырасуға көбіне ер-азаматтардың жауапсыздығы түрткі болады
Бір ғана Шымкентте өткен жылдың кейінгі 4 айында сотқа ажырасу жөнінде 1128 талап-арыз түссе, оның 304-і бойынша шешім шығарылған, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл жөнінде мегаполистің кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Мырзахан Тиметов айтып берді деп жазады Egemen.kz.
Судьяның мәлімдеуінше, ажырасуға көбіне ер-азаматтардың жауапсыздығы түрткі болады екен. Ал ерлерді әдетте маскүнемдік пен ойын құмарлық немесе есірткіге салыну тура жолдан тайдырады. Кей ер азамат жұмыс істемей үйінде жатып, тіршіліктің бар ауыртпалығын әйеліне «тапсырып қойған». Осының бәрі ерлі-зайыптылар арасында ұрыс-керіс, жанжал тудырады, ақыры ажырасуға алып келеді.
Некенің бұзылуының тағы бір басты себебі – ер азаматтардың некеге адал болмауы. Әйелдер тарапынан да кінә болады. Бірақ соттағы статистика көрсеткендей, мұндай жағдай өте сирек.
Судья жұрттан жасырып екінші әйел алып, бала-шағалы болатын еркектердің де жиілеп кеткенін айтады.
Бар ақиқат ашылғаннан кейін ыдырап кетіп жатқан отбасылар көп. Бұдан бөлек, ақша жетіспегеннен бірге тұруды қаламайтын ерлі-зайыптылар да сотқа талап-арыз беріп жатады.
Судья қараған бір істе жасы қырықтар шамасындағы бір әйел сотқа ажырасамын деп келіпті. Себебін сұраса, бір бөлмелі үйде тұрады екен, бір ұлы, бір қыздары бар. Ал достарының бәрінің жағдайы жақсы көрінеді. Кейбірінің баспанасы екіқабатты зәулім үй болса, өзге біреуінде керемет көлік бар дегендей. Қонаққа шақырғанда қуықтай пәтерінен қатты ұялады екен. Ал күйеуінің айлық жалақысы жүз мың теңгенің о жақ, бұ жағы ғана. Содан әйел әбден қорланғанын айтқан. Күйеуі сотта ажырасқысы келмейтінін айтып, «темекіге деп үш мың теңгесін алып қаламын да, қалғанын құртпай әйелімнің қолына санап беремін» деп ақталыпты.
Сот мұндай жағдайларда тараптарды сабырға шақырып, ақылға көндіріп, барынша отбасын сақтап қалуға тырысады. Сол үшін де талап-арыз бойынша бірден шешім шығармай, алдымен ойлануға бір ай уақыт береді. Егер бұл мерзім татуласуға, кеңесуге аздық етіп жатса, қосымша тағы да бір айға созады.
Сотқа арыз тастап, үш күннен кейін қайтарып алатындар да бар. Бірақ тәжірибе көрсеткендей ондайлар аз.
Осы тұста судьяларға соттағы психологтер көп көмектеседі.
Маманның мәлімдеуінше, азаматтық істерде некені бұзу ісін осы күнге дейін медиация ұйымы қарап келген. Кейінгі өзгерістерге сәйкес бұл міндет қайтадан соттарға берілген. Дегенмен баланың тұрғылықты жерін анықтау, 3 жасқа дейінгі балаға алимент өндіру бойынша қызметтер медиация құзыретінде қалып отыр.
Судья қоғамда ажырасудың жиілеуіне отбасылық тәрбиенің солқылдақтығы да әсер етіп отырғанын айтады.
Әйелдердің салмағы артып, ерлердің бұрынғыдай сөзін өткізе алмауы да отбасылық қарым-қатынасты қиындатып жіберген», дейді ол. Қазір көп ата-ана қыздарын барған жеріңе тастай батып, судай сің деп емес, ертең бір өзің қалып қойсаң, аш болмайтындай дипломың, жұмысың болсын деп тәрбиелейді. Бұрынғы аналарымыздай үйінде отырып ерін күтіп, бала-шағасын тәрбиелейтін әйелдің басты қызметі бұл күнде ұмыт болып барады. Баяғыда балалар анасының «әкең келе жатыр» деген сөзінен именетін. Өкінішке қарай, бұл тәрбие де қалмады. Өйткені қоғамда әкелердің рөлі түсіп кетті. Оның үстіне қазіргі психологтар да жастарға көмегінен гөрі кесірін көп тигізіп жүр. Әлеуметтік желілерде психологтер мен коучтардың «әйел өз қалауынша өмір сүруі керек, ол ешкімге бағынышты емес» деген әңгімесі қаптап кетті. Психологтердің ақыл-кеңесінен әбден миы уланып қалған бір әйел: «Мен уақытымды босқа өткізіппін, өзімді дамытуым керек, биік мақсаттарға жетуге тиіспін» деп күйеуінен ажырасып кеткен. Болжаммен айтқанда, жыл сайын 100 некенің шамамен 30-35-і бұзылады. Республика деңгейінде де осы санды келтіруге болады, деді судья.
Маман өз сөзінде тағы бір маңызды ақпаратпен бөлісті.
Бүгінде ажырасып кеткен ерлі-зайыптылардың дені 1983 жылы туғандардан бастап төменгі жастағы азаматтар. Егде жастағы адамдар арасында неке бұзу өте сирек кездеседі екен.
«80-жылдардан бері туған балалардың балалық шағы тоқсаныншы жылдардың қиындықтарына тап келді. Сол бір қиын кезеңде, расында да, күнкөрістің қамы деп бала-шағаға тәрбие беру мәселесі екінші, тіпті үшінші сатыға түсті. Осы әлеуметтік олқылық бүгінгі қоғамда салдарын көрсетіп отыр. Дегенмен келер ұрпақ аға буынды алмастырғанда қоғам қайта ізгіленіп, жаңғыруға тиіс. Өйткені бүгінде білім, тәрбие саласына мемлекет тарапынан зор қолдау көрсетіліп жатыр. Жаңа ұрпақтың қазір көзі ашық, көкірегі ояу. Оның үстіне рухани жаңғыру аясында дәстүріміз бен дініміздің асыл қасиеттерін жастар бойына қайта сіңіру бағытында ауыз толтырып айтарлық іс тындырылып жатыр», дейді судья.
Судьяның айтуынша, негізінен ер адам – үйдің асыраушысы. Кейде ол ішіп келіп, үйінде айқай-шу шығарып, әйеліне қол жұмсауы мүмкін.
«Егер әйелі полицияға арыз берсе, ертең күйеуі жауапқа тартылып, жұмысынан да айырылып қалуы мүмкін. Сондықтан көп жағдайда әйелдер отбасының табысын, бала-шағаның ертеңгі күнін ойлап іштен тынып, осындай тіршілікке көндігіп жүреді. Балаларды тірідей жетім етпейін деген қазақтың сүйекке сіңген мінезінен де аттап кете алмайды. Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіндегі ережелер күшейтілгенімен, заңға көнбейтін қоғамның осындай ішкі қалтарыстары бар. Отбасылық кикілжіңді бірінші кезекте қатаң заң емес, сыйластық, адамгершілік, ар мен имандылық көбірек шешеді», дейді Мырзахан Тиметов.