Танымал блогер алиментке небәрі 20 мың теңге төлеген
Алматы қаласы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына С. есімді азаматша жүгінген. Ол баласының әкесі танымал блогер ретінде қомақты қаражат тапқанымен, алиментке небәрі 20 мың теңге төлейтінін жеткізген, - деп хабарлайды Arbat.media.
Сот бұған дейін Ж.-ның С. есімді кәмелетке толмаған баланың әкесі екенін анықтап, осыған байланысты Ж.-ға табысының және (өзге) қаражат көздерінің ¼ бөлігі мөлшерінде алимент төлеуді міндеттеген, - деп жазады Kazinform агенттігі.
Істі қарау барысында баланың әкесі Ж. өзінің жалақысы 70 мың теңге екенін көрсететін анықтама ұсынған. Алайда Ж. банк шоттарында айтарлықтай қомақты қаражат бар екені және оның демалыс мақсатында шетелге жиі баратыны анықталды.
ҚР «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексінің 141-бабына сәйкес, ата-аналардың кәмелетке толмаған балаларға алимент төлеу туралы келісімі болмаған кезде және ата-анасының табысына және (немесе) өзге де қаражат көздеріне үлестік қатынаста алимент өндіріп алу мүмкін болмаған жағдайларда, тараптардың бірінің мүдделерін қиын немесе елеулі түрде бұзған жағдайларда сот алимент мөлшерін айқындауға құқылы. Ол ай сайынғы тұрақты ақшалай сомада немесе бір мезгілде үлестермен және тұрақты ақшалай сомада өндіріп алынады.
Мұндай жағдайларға табыс көзі жиі өзгеріп тұратын және (немесе) өзге қаржы көздері бар ата-аналардан не егер ата-ана табысын толық немесе ішінара қолма-қол алса, алименттерді өндіріп алу жатады.
— Іс бойынша белгіленген мән-жайларды, оның ішінде жауапкердің өзге табысының болуын ескере отырып, сот баланың мүддесі үшін жауапкер Ж.-дан С. пайдасына 30 АЕК мөлшерінде тұрақты ақшалай сомада алимент өндіріп алу туралы шешім қабылдады, — делінген ҚР Жоғарғы Сотының хабарламасында.
Сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.