Тоқаев Астана қаласының әкімін қабылдады

Мемлекет басшысы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбекті қабылдады, деп хабарлайды Arbat.Media.

Президентке елорданың әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық дамуы жайында есеп берілді. Жеңіс Қасымбек барлық басты экономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамика сақталып отырғанын баяндады.

Оның айтуынша, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 7 айда 1,2 триллион теңгені құрады. Бұл – өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 42,1 пайызға жоғары. Биыл жалпы құны 300 миллиард теңге болатын 55 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұл бастамалар 3,6 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында елордада 1 қыркүйекте 28 мың оқушыға арналған 7 жаңа мектеп ашылды. Осы оқу жылында қалада 15 жаңа мектеп пайдалануға берілмек. Былтырғы кезеңде 66 мың оқушыға арналған 24 мектеп, соның ішінде 16 «Келешек мектебі» ашылды», - деді әкім.

Жыл соңына дейін 4716 студентке арналған 8 жатақхана бой көтереді екен. Биыл Астанада 170 аула мен қоғамдық кеңістікті абаттандырып, 1 миллионнан аса жасыл желек егу жоспарланып отыр.

«Үшінші жылу электр орталығының бірінші кезегін, сондай-ақ «Тұран» және «Оңтүстік-Шығыс» газ стансаларын пайдалануға беру арқылы шаһардың жылыту қуаты 30 пайызға ұлғайған. Яғни қосымша 1100Гкал/сағат қуат өндіре бастады», деп қосты Жеңіс Қасымбек.

Президент тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және әлеуметтік сала нысандарын алдағы жылыту маусымына дайындау, жаңбыр суына арналған кәріз жүйесін реттеу, жол-көлік инфрақұрылымы мен абаттандыру мәселелерін шешу жөнінде бірқатар тапсырма берді.

 

Тоқаев Әкім Астана Жеңіс Қасымбек

Тақырыпқа жаңалықтар