«Жағдайды түсіндірді»: Air Astana ұшағы апатты жағдайда қонды
Бүгін таңғы сағат 07:38-де Алматы-Астана бағытындағы Air Astana ұшағының салонында түтін шығып, экипаж апаттық сигнал жариялады, деп хабарлайды Arbat.Media.
Ұшақ сағат 07:40-та Алматы әуежайына сәтті қонды. Алдын ала мәлімет бойынша зардап шеккендер жоқ.
«Қазаэронавигация» РМК Әуе қозғалысын жоспарлаудың бас орталығы ұсынған ақпаратқа сәйкес, әуе кемесінің салонында түтін пайда болуына байланысты экипаж MAY-DAY апаттық сигналын жариялаған.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Алматы қаласы әуежайының ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған өртке қарсы және авариялық-құтқару қызметі жұмылдырылды.
Көп ұзамай Air Astana дабыл сигналына қатысты түсініктеме берді.
Air Astana әуе компаниясы ұшақтың дабыл сигналына байланысты жағдайды түсіндірді. Компанияның мәліметінше, бортта кондиционер жүйесінен әдеттен тыс иіс шығуына байланысты экипаж ұшақты кері қайтару туралы шешім қабылдаған.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында әуе кемесі Алматы әуежайына оралып, жерге сағат 07:40-та штаттық режимде қонған.
Жолаушыларға сусындар мен жеңіл тағамдар ұсынылған. Астанаға ұшу басқа әуе кемесімен сағат 10:15-те жүзеге асырылады.
Қазіргі уақытта оқиғаға байланысты техникалық тексеріс жүргізіліп жатыр.