Қазақстан жаңалықтары24 желтоқсан 2023, 10:25

Жылыжайлардың коммуналдық шығынына субсидия беріле бастайды

Елімізде жылыжайдағы егін шаруашылығына жұмсалатын коммуналдық шығынды субсидиялау көзделіп отыр, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Аманғали Бердалин Атырау облысындағы ауылшаруашылық тауарын өндірушілермен кездесуде айтты.

Министр орынбасарының айтуынша, мемлекеттік Gosagro.kz жүйесіне көшудің нәтижесінде фермерлерді қолдау шаралары артып, олардың шығындары қысқартылған. Субсидияға қол жеткізуді жақсарту мақсатында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін «күту парағы» енгізілген.

«Биыл фермерлерге арзандатылған дизель отынын бөлу процесі толығымен автоматтандырылды. Агроөнеркәсіп кешенін субсидиялау аясында фермерлерге 14 бағыт бойынша қолдау көрсетіледі. Алдағы жылдың 1 қаңтарынан жылыжайлардың суына, газына, жарығына жұмсалатын шығынды субсидиялаймыз. Өйткені, жылыжай – күрделі, қайтарымы ұзақ кәсіптің түрі. Субсидияны алу үшін жылыжай көлемі маңызды емес. Мәселен, жылыжай көлемі 10-15 шаршы метр болса да, оған субсидия қаржысы бөлінеді. Өңірлерде жылыжай көбейсе, нарықтағы баға да тұрақты болары анық», - деді Аманғали Бердалин.

Оның мәліметіне сүйенсек, биыл Атырау облысының агроөнеркәсіп кешеніне 4,9 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде өсімдік шаруашылығына – 657,5 млн, мал шаруашылығына – 3,1 млрд, қаржы құралдарына 1,1 млрд теңге бағытталған. Ал, «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 1,5 млрд теңге бөлініп, шаруаларға 60-қа жуық несие берілген. Инвестициялық жобалардың жол картасы аясында 320 млн теңгенің 2 жобасы іске асырылған. Енді алдағы жылы 19,5 млрд теңгені құрайтын 5 жобаны іске асыру жоспарланған.

Жергілікті кәсіпкерлер ветеринария, өнім өндіру, ет комбинаты, малшылар беделі мен жайылым мәселелеріне алаңдаушылық білдірді. Олардың кейбірі 300 мың теңге жалақы ұсынса да малшы табылмағанына қынжылды. Осыған байланысты малшы мәртебесін көтеруді, олардың балаларына әлеуметтік қолдау көрсетуді ұсынды.

«Атырау облысының табиғи-климаттық жағдайы ескеріліп, мал шаруашылығы саласына басымдық беріледі. Мұнда егін шаруашылығында да оң нәтиже бар. Сіздер көтерген мәселелер мен ұсыныстар министрлік деңгейінде қаралатын болады», - деді Аманғали Бердалин.

жылыжай субсидия коммуналдық шығын

Тақырыпқа жаңалықтар