Алматыдағы "Қайрат" – "Реал Мадрид" ойыны бюджетке қанша қаражат түсіреді?
Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Туризм және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев Алматыда өтетін "Қайрат" – "Реал Мадрид" ойыны туралы сауалдарға жауап берді, деп хабарлайды Arbat.Media.
Нұртас Кәріпбаев қазірдің өзінде тарихи матч саналып отырған Алматыдағы "Қайрат" – "Реал Мадрид" матчы арқылы бюджетке қанша қаражат түсетінін айтты.
"Соңғы ақпарат бойынша, "Қайрат" – "Реал" матчының билеттері түгел сатылып кеткен. Туристерді қабылдауға барлық жағдай жасалған. 4 мыңнан астам турист келеді деп күтілуде, бұл 2-3 млрд теңге (болжам бойынша – ред. ескертпесі) кіріс", - деді Нұртас Кәріпбаев.
Еске сала кетейік, қазақстандық және испандық клубтар Чемпиондар лигасының екінші турында кездеседі. Матч Алматыдағы Орталық стадионда 30 қыркүйекте өтеді. Ойын жергілікті уақыт бойынша 21:45-те басталады.