Самбодан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы 3 алтын жеңіп алды
Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек спорт сарайында самбодан (спорттық, жауынгерлік, зағип жандар арасында) әлем чемпионаты мәресіне жетті. Қазақстан самбо федерациясының бірінші вице-президенті Манарбек Бисекеновтің айтуынша, ел құрамасы 3 алтын, 5 күміс, 9 қола, барлығы 17 медаль жеңіп алды, - деп хабарлайды Arbat.media.
Қазақстандық самбошылар әлем біріншілігінде алғаш рет бірден үш алтын алып, тарихи нәтижеге қол жеткізді.
Жарыстың соңғы күні, әсіресе, Нұрила Асанқызы ерледі. Жауынгерлік самбодан 80 келіден жоғары салмақта күрескен Нұрила мұрны сынса да, аяғына дейін төзіп, түрікменстандық Сабина Ағажанованы ұтты.
«Енді ғана ересектер санатына ауысып, әлем чемпионатына қатысып жатырмын. Жекпе-жек барысында жарақат алсам да, өз жерімде соңына дейін шыдап бақтым. Барша жанкүйерге алғысым шексіз. Бұл жеңісімді өмірден өткен әкеме арнаймын. Марқұм әкем мені ересектер арасында ең жоғарғы санаттан көргісі келіп еді. Міне, сол мақсатым орындалды!», - деді аса ауыр салмақта чемпион атанған Нұрила Асанқызы.