XXXIII Олимпиада: 29 шілдеде қазақстандықтар қандай нәтиже көрсетті
Париж Олимпиадасында 29 шілдеде қазақстандықтар спорттың бірнеше түрінен сынға түсті. Олардың арасынан ешкім жүлделі орындарға қол жеткізе алмады - деп хабарлайды Arbat.media.
Пневматикалық винтовкамен 10 метрден нысана көздеудің финалында Александра Ле алтыншы орынға тұрақтап, 165.4 ұпай жинады, - деп жазады Kazinform агенттігі.
Пневматикалық тапаншамен 10 метрден нысана көздеуде Қазақстан құрамасы 11-сатыдан көрінді. Олар іріктеуде 575 ұпай жинады.
Ал семсерлесуші Әйгерім Сарыбай Олимпиаданың 1/16 кезеңінде франциялық Манон Брюнеден 12:15 есебімен жеңіліп қалды. Қарсыласы Токио Олимпиадасының күміс және қола жүлдегері болған және әлем чемпионы атанған тәжірибелі спортшы еді.
Садақ атудан командалық сында ел құрамасы 1/8 айналымда Италияға 4:5 есебімен жол берді.
Академиялық ескек есуде Владислав Яковлев Париж Олимпиадасында E/F1 тобының жартылай финалында мәреге бірінші жетті. Ол жарыс жолын 7 минут 26.20 секундта бағындырды.
Дзюдошы Данияр Шамшаев (73 келі) алғашқы белдесуінде Ханчжоудағы жазғы Азия ойындарының жеңімпазы, әлем чемпионатының қола жүлдегері өзбекстандық Муроджон Юлдошевқа есе жіберді.
Әйелдер арасында 100 метрге шалқалай жүзуде Ксения Игнатова өз тобында мәреге екінші болып жетті. Уақыт көрсеткіші – 1:02.51 секунд. Алайда жалпы есепте 26-орыннан көрініп, жартылай финалға шыға алмады.
Теннистен ерлер арасындағы жұптық бәсекеде Александр Бублик пен Александр Недовесов алғашқы айналымда бразилиялық Тьяго Монтейро мен Тьяго Сейбот Уайлдтен екі сетте 4:6, 4:6 есебімен жеңіліп қалды.
Бадминтоншы Дмитрий Панарин екінші матчта Брайан Янгтен жеңіліп, топтық кезеңнен шыға алмады. Канадалық спортшы 0:2 (18:21, 10:21) есебімен жеңіске жетті.
Үстел теннисінен ұлттық құрама көшбасшысы Кирилл Герасименко Париж Олимпиадасының 1/16 айналымында Дан Цюдан басым түсті.
Ұлттық құраманың ең жас спортшысы Мұхамедсабыр Базарбайұлы 1/8 финалда Ханчжоудағы Жазғы Азия ойындарының күміс жүлдегері Чу Ен Лайдан 3:2 есебімен басым түсті.
Ал Қамшыбек Қоңқабаев испан боксшысы Айюб Гадфа Дриссиден жеңіліп, Париж Олимпиадасының ширек финалына шыға алмады.
Олимпиаданың үшінші жарыс күнінен кейін Қазақстан құрамасының қоржынында 1 алтын, 2 қола жүлде бар.