1,5 млн адамның айлығын өсіру үшін бюджеттен 2,5 трлн теңге жұмсалады
Сенатта 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы, Ұлттық қордан алынатын 2024-2026 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы заң жобасы таныстырылып жатыр, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы Kazinform жариялады.
«Бюджеттің 2024 жылдарға арналған шығыстары 2023 жылмен салыстырғанда 1,5 трлн теңгеге ұлғайып, шамамен 24 трлн теңге болады. Бюджет шығыстарының негізгі үлесі әлеуметтік салаға тиесілі. Яғни, 40 пайыздан астамын әлеуметтік шығыстар алып тұр», - деді Қаржы вице-министрі Абзад Бейсенбекұлы.
Оның айтуынша, әлеуметтік шығыстың айтарлықтай бөлігі зейнетақыны индекстеуге кетуі мүмкін. Индекстелген зейнетақы төмен жәрдемақыны төлеуге 5,4 трлн теңге, отбасыларды қолдау үшін бала күтімі кезеңі 1,5 жасқа дейін ұзартылды. Осы мақсатқа келесі жылы 93,3 млрд теңге бөлу көзделген.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әйелдердің зейнетке шығу жасы 61 жас деңгейінде сақталды. Бұл 150 мыңнан астам адамды қамтиды. Яғни, 2024 жылы 473 млн теңгені қажет етеді. «Халықтың табысын арттыру» бағдарламасын іске асыру үшін 2024 жылы 3,7 трлн теңге көзделген. Оның ішінде 1,5 миллионнан астам жұмыскердің жалақысын көтеруге бюджеттен 2,5 трлн теңге, өңірлік жұмыспен қамту карталары аясында 100 мың жұмыс орнын ашу үшін 724 млрд теңге, «Ауыл аманаты» жобасы аясында 100 млрд теңге бөліп, 18 мыңға жуық жұмыс орнын ашу жоспарланған. Мемлекеттік және әлеуметтік қолдау көрсету бағытында жүйелі шаралар іске асыру үшін 378 млрд теңге көзделген. Бұл қаражат 11 мың жұмыс орнын ашуға бағытталады.
Айта кету керек, 2024 - 2026 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы әлеуметтік-экономикалық даму болжамының базалық сценарийі негізінде әзірленген.
Аталған болжам бойынша, елдің жалпы ішкі өнімі 2024 жылы 5,3% деңгейінде, ал 2026-2028 жылдары 6%-ға дейін өсу керек. Яғни, алдағы үш жылда жалпы ішкі өнімнің орташа жылдық өсу қарқыны 5,8% болмақ. Мұны ақшаға шаққанда, жалпы ішкі өнімнің номиналды көлемі 2024 жылы 135 трлн теңгеден 2028 жылы 218,5 трлн теңгеге дейін өсуі қажет. Базалық сценарийде мұнайдың бағасы барреліне 80 доллар деңгейінде айқындалған. Жылдық инфляцияның дәлізі 2024 жылы 6-8% болса, 2025 жылы – 5,5-7,5 %, 2026 – 2028 жылдары 5 %-ға дейін төмендейді.
Республикалық бюджеттің шығысы 2024 жылы 23,9 трлн теңге, 2025 жылы – 23,8 трлн теңге болса, 2026 жылы 25,1 трлн теңгеден асады деп болжанған.
Ал республикалық бюджеттің тапшылығы 2024 жылы – 3,5 трлн теңге, 2025 жылы – 3,6 трлн теңге, 2026 жылы 3,9 трлн теңге болуы мүмкін. Оның 2 трлн теңгесін Ұлттық қордан жабу ұсынылып отыр.