Placeholder
Фото: Досбол Атажан / Kazinform
Kazinform
Қазақстан жаңалықтары2 қазан 2024, 12:34

Алматыда зейнеткерлердің шығармашылық жұмыстарының көрмесі ашылды

Алматы қаласында қарттар айлығы тойланып жатыр. «Алматы музейінде» зейнеткерлердің шығармашылық жұмыстарының көрмесі ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Arbat.media.

Көрмеде Алматы қаласының белсенді ұзақ өмір сүру орталығында сурет салуды үйренген зейнеткерлердің 20-дан астам жұмыстары қойылды. Сурет авторларының бірі — 67 жастағы Баян Жанзақова. Зейнеткер «Теңіз және желкен» деп атаған жұмысын 3 айдан астам уақыт ішінде салып шыққан, - деп жазады Kazinform агенттігі.

— Мен өмірімде қалам ұстап көрмесем де, 67 жасымда қаламыздағы көрмеге қатысып жатырмын. Жалпы Алматы қаласының белсенді ұзақ өмір сүру орталығына барып жүргеніме 5 жылдай болды. Ол жерде біз әртүрлі үйірмелерге қатысамыз. Бізге өз саласына еңбек сіңірген мамандар үйретеді. Бұл біз үшін үлкен мереке, — деп атап өтті ол.

Іс-шараға Алматы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова қатысты. Ол алдыңғы буын өкілдерін халықаралық қарттар күнімен құттықтады.

— Бүгін Ерболат Досаев қалалық ақсақалдар кеңесімен кездесу өткізіп, онда алдыңғы буын ата-әжелеріміз бәріміз үшін үлгі екенін атап өтті. Қаламыз белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары арқылы, «Шыңға өрлеу», «Бақытты отбасы» және басқа да жобаларымен сіздерге қолдау көрсетеді. Сіздерді көрменің ашылуымен құттықтаймын, — деді қала әкімінің орынбасары.

 

 

Алматы шығармашылық Көрме зейнеткерлер

Тақырыпқа жаңалықтар