Placeholder
Коллаж: Kazinform/Pixabay/Freepik/DALL-E
Freepik/DALL-E
Қазақстан жаңалықтары25 қыркүйек 2024, 3:59

«Болашақ» бағдарламасының 30 жылдық нәтижесі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында еліміздің кадрлық әлеуетін арттыру қажет екенін атап өтті. «Сонымен қатар ғалымдардың шетелдегі тағылымдамасын әншейін синекураға және «академиялық туризмге» айналдырмау керек. Жоғары оқу орындары ғана емес, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері де білікті кадрлар даярлауы қажет. Үкімет колледжде жақсы оқыған түлектерді мамандығы бойынша мемлекеттік қызметке алу мүмкіндігін қарастыруға тиіс», - деді Президент, - деп хабарлайды Arbat.media.

Қазір еліміздің жастары «Болашақ» бағдарламасы арқылы салық төлеушілер есебінен шетелде білім алып жүр. Осы орайда бұл танымал бағдарлама 30 жыл ішінде қандай нақты нәтиже бергенін көпшілік назарына ұсынуды жөн көрдік, - деп жазады Kazinform агенттігі.

«Болашақ» халықаралық стипендиясы 1993 жылы 5 қарашада құрылып, бір жылдан кейін алғашқы қазақстандық студенттер оқуға барды. 30 жыл ішінде 12 731 адам диплом алды, яғни орта есеппен жылына шамамен 425 адам оқуын тәмамдап тұрды. Кейінгі бірнеше жылда 2 607 адам оқуын аяқтады.

Қазір «Болашақ» бағдарламасы бойынша 939 қазақстандық білім алып жатыр. Олардың басым бөлігі магистратурада – 704 адам. 133 адам докторантура бағытында оқып жүрсе болса, тағы 102 адам тағылымдамадан өтіп жатыр.

Қай елдерде білім алып жатыр?

«Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ ақпаратына қарағанда, қазақстандық студенттер «QS, THE, Academic Ranking of World Universities көрсеткішінің үздік 250 рейтингіне енген әлемнің жетекші университеттерінде» оқып жүр. Стипендия алушылар арасында ең танымал елдер АҚШ пен Ұлыбритания болды.

Америкалық университеттер арасында University of Illinois, Columbia University, New York University және University of Southern California сияқты беделді оқу орындары ерекше сұранысқа ие. Ал Ұлыбритания университеттерінің ішінде стипендиаттар көбінесе University of Warwick, University of Sussex және Queen Mary University of London ЖОО-сын таңдайды. Бұл оқу орындары өзінің жоғары білім сапасымен танымал.

Стипендиаттарға қанша қаражат жұмсалып жатыр?

Орталық мәліметіне қарағанда, оқыту құны білім бағдарламасына, баратын елге және таңдалған мамандыққа байланысты өзгеріп тұрады. Сонымен қатар, қаржыны есептеу кезінде университеттің рейтингі, оның орналасқан жері, бағдарламаның ұзақтығы да маңызды рөл атқарады.

Орта есеппен бір стипендиатқа магистратура бағытында шамамен 10-15 млн теңге және докторантураға 20-25 млн теңге жұмсалады. Оның ішінде оқу ақысы, шәкіртақы, әуе көлігімен сапарлау ақысы және басқа да соған байланысты шығындар қамтылған.

Бағдарлама аясында білім алғандардың нешеуі шетелде қалды?

Студенттер оқуды аяқтағаннан кейін, Қазақстанда жұмыс істеуі тиіс. Алайда олардың кейбірі елге оралмай, шетелде қалу туралы шешім қабылдаған. Бұл тұрғыда Қазақстанға оралмағаны үшін 235 адам (жалпы түлектердің 1,9 пайызы) шәкіртақыдан айырылды.

Стипендиат қайтып келмесе, шәкіртақыдан айыру және оқуға кеткен барлық шығынды өтеуді талап ету процесі басталады. Егер стипендиат ақшаны қайтарудан бас тартса, Орталық мәселені сот тәртібімен қарауға бастамашылық жасайды.

«2024 жылдың қаңтарынан шілде айы кезеңінде шәкіртақыдан бас тартқан және айырылғандардан бюджетке 1 миллиард 151,5 млн теңге қаражат қайтарылды, ал 2023 жылғы қайтарылған сома 1,9 млрд теңгені құрады. Қазіргі кезде бюджетке ай сайынғы қайтарылатын қаражат 200 млн теңге шамасында», - делінген Орталық мәліметінде.

Бағдарлама түлектері қайда қызмет етіп жүр?

Пайыздық көрсеткішке қарағанда, «Болашақ» бойынша оқығандардың көбісі қазір жеке секторда жұмыс істеп жүр.

Орталықтың мәліметінше:

 

  • мемлекеттік органдарда қызмет етіп жүрген түлектер – 31%;
  • квазимемлекеттік секторда – 16,2%;
  • Қазақстандағы шетелдік ұйымдарда – 5,8%;
  • халықаралық ұйымдарда – 1,7%;
  • дипломатиялық өкілдікте – 0,5%;
  • ұлттық компанияларда – 1,1%;
  • қоғамдық бірлестіктерде – 1%; жеке компанияларда – 42,8%.

 

Бағдарлама өзін ақтады ма?

Бағдарламаның экономикалық әсерін бағалау қиын болғанымен, Орталық «оның ел дамуына нақты әсері бар» деп санайды.

«Түлектер кәсіби сапа жағынан үлес қосып келеді. Бұл тұрғыда, инновацияларды енгізуде және қызметтің жаңа бағыттарын дамытуда анық көрініп жүр. Мәселен, білім, ғылым немесе мәдениет салаларында жұмысқа орналасқан түлектердің ауқымды үлесін ақшалай бағалау қиын. Олар елдің адами әлеуетін дамытуға айтарлықтай үлес қосып келеді. «Болашақ» бағдарламасына салынған инвестиция ақталды, өйткені ол экономиканың әртүрлі секторлары мен әлеуметтік саланы жаңғыртуға ықпал етті», - дейді бағдарлама әкімшілері.

Нақты секторларды алып қарасақ, денсаулық сақтау саласында 905 маман жұмыс істеп жүр, оның ішінде 470 тәжірибелі дәрігер бар. Білім беру саласында 1380 маман қызмет етіп жатыр. Оның 913-і білім беру ұйымдарында, яғни бастауыш, орта, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында, сондай-ақ білім беру орталықтарында. Түлектердің біразы ауылдарда қызметте жүр.

Экономика саласына тоқталсақ, бұл бағытта 4 мың түлек оқуын тәмамдады. Соның арасында 2,2 мың инженер, 1,3 мың IT маман, жаратылыстану ғылымдары саласында 400-ге жуық ғалым, сондай-ақ ауыл шаруашылығында 156 адам бар.

«Осы түлектердің көпшілігі технологиялық стартаптар мен инновациялық жобалардың негізін қалаушы ретінде танылды. Сонымен қатар, бағдарлама түлектері Nazarbayev University, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, SDU сияқты еліміздің жетекші университеттерін жаңғырту ісіне қатысып жатыр», - дейді «Болашақ» әкімшілері.

Мамандар нәтиже бере бастады

Бағдарлама аясында білім алған медицина ғылымдарының докторы, профессор Азат Шпеков ең күрделі нейрохирургиялық операцияларды енгізген. Соның ішінде Паркинсон ауруын емдеу тәсілдері бар. Оның жетістіктері 1200-ден астам науқасты емдеуге мүмкіндік берді.

Тағы бір түлек – кардиохирург Арман Байдеуов жүрекке 800-ден астам операция жасады. Бұдан бөлек, Арман Сүлейменов есімді түлек қазір ІТ саласының маманы ретінде 500-ден астам студентке арнайы код жазуды үйретті.

Cerebra стартапының негізін қалаушы Досжан Жүсіпов инсультті алдын ала анықтау үшін жасанды интеллект әзірледі. Бұл стартап әлемдік қауымдастықтың назарын аударып қана қоймай, Қазақстандағы инсульттан болатын өлім-жітімді азайтуда маңызды рөл атқарды. Қазақстанда стартаптың өнімі қазірдің өзінде 130 мың науқастың компьютерлік томографиясына талдау жасады. Жоба Стэнфорд университетінде StartX бағдарламасына қабылданды және Best VerTech Startup 2023 аталымында Global Startup Awards конкурсын жеңіп алды.

Санжар Кенжеханұлы Bilimland.kz платформасын іске қосты. Бұл жоба білім беру материалдарын күнделікті 2 млн-нан астам адамға ұсынады.

Ұлан Қайырбеков жаңа жұмыс орындарын ашатын, қызмет көрсету саласында танымал Naimi.kz маркетплейсін құрды.

Бағдарлама түлектерінің арасында өз саласында табысты болғандар ішінде Медет Маханбет (отоларингология саласындағы маман), Алмас Кебекбаев (оның компаниясы 600 миллион теңге шетелдік инвестиция тартып, 500-ден астам жұмыс орнын құрды), Адат Әділхан (ModeX бірінші заманауи модульдік зауытының құрылысына қатысқан), Дәурен Әубәкіров (табиғи апаттардың алдын алу бойынша шешімдер әзірлейтін стартаптың негізін қалаушы), Нұрбек Еңсебаев (көру қабілеті нашар және зағип жандарға көмектесу үшін дыбыстық маяктар мен биолокаторларды жасаған топтың тең негізін қалаушы), Мыңжылқы Бердіқожаев (нейрохирург), Сұраған Дүрвудхан (математик, ғылыми еңбектердің авторы), Павел Тарлыко (протеомика және масс-спектрометрия зертханасының меңгерушісі, ғылыми еңбектердің авторы), Дагар Давлетов (Қазақстандағы алғашқы бағдарламалау мектебінің директоры), Салтанат Күшалиева (Астана орталық мешітінің бас сәулетшілерінің бірі), Бауыржан Айтуов (биология және генетика саласының маманы), Сезім Мұстапаева (Satbayev University геология кафедрасының профессоры), Рауан Қайыржанов (генетикалық ауруларды диагностикалау және емдеу жөніндегі ғалым-дәрігер) бар.

Бағдарламаға қатысты сын айтылды

Осы табысты жобаларға қарамастан, қазақстандық депутаттар «Болашақ» бағдарламасына бюджет қаражатын жұмсаудың тиімділігі туралы мәселені бірнеше рет көтерді. 2022 жылы Мәжілістің экс-депутаты Айгүл Жұмабаева бұл бағдарламаға қатысты сын айтқан еді.

«Кадр мәселесі үнемі күн тәртібінде тұрады, үнемі өзекті. Ал «Болашақ» бағдарламасы дәл осы мәселені шешу үшін жасалған. Барлығын жоққа шығаруға болмайды, бағдарламаның көптеген түлегі ел игілігі үшін табысты жұмыс істеп жатыр. Бірақ тұтастай алғанда, ол өзін ақтаған жоқ. Мен осындай пікірді ұстанып отырмын», - дейді ол.

А. Жұмабаева 2022 жылғы желтоқсанда Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында Әлеуметтік кодекс жобасы ұсынылып, жетіспейтін мамандықтар бойынша 200 шетелдік маманды тарту жоспары ұсынылғанын еске салды.

«Ол кезде салық төлеушілердің қыруар қаржысы жұмсалған «Болашақ» бағдарламасының жұмыс істеп тұрғанына 29 жыл толған еді. Бірақ әлі де мамандар жеткіліксіз. Мыңдаған «Болашақ» түлегі арасынан қажет деген 200 маман табылмай, мемлекет тағы да шетелдіктерді тартуға мәжбүр болса және олардың жалақысы қазақстандықтардан бірнеше есе жоғары қойылса, онда бұл бағдарламаның тиімділігі мен орындылығы туралы мәселе көтерілуі керек. Екі жыл бұрын бұл мәселені көтерген едім», - деді Жұмабаева.

 

«Болашақ» бағдарламасы 30 жыл

Тақырыпқа жаңалықтар