Милананың өлімі: Анасы мен ер адамға сот үкімі шықты
Жеті жасар Милана Давыдованың өлімі бойынша бірнеше айға созылған сот ісіне нүкте қойылды. Соттың шешімімен қыздың анасы 20 жылға, ал екінші айыпталушы – ер адам өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Сот үкімі жарияланған сәтте ер адам өзіне өзі қол жұмсап, сол қолының буын тұсын кесіп жіберген, - деп хабарлайды Arbat.media.
Павлодар облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты жас баланы өлтіру бойынша айыпталған екі сотталушыға қатысты қылмыстық істі қарады, - деп жазады Kazinform агенттігі.
Сот барысында мемлекеттік айыптаушы оқиғаның барысын баяндады. Қыздың анасы Д. танысы А.-мен ішімдікті жүйелі іше отырып, соңы интимді қарым-қатынасқа ұласқан.
Әйелдің күйеуі мал бағуға кетсе, ал балалары мектепте болған. Соны пайдаланып екеуі жыныстық қарым-қатынасқа түскен. Осы уақытта қызы Милана Давыдова мектептен оралып, анасының ұятсыз қылығына куә болған. Оқиғаны әкесіне жеткізіп баратын айтқан.
«Екеуі масаң күйде жас баланы өлтіруге шешім қабылдаған. Осы ниеттерін жүзеге асыра отырып, қыздың анасы оның басынан бірнеше рет қатты соққы жасаған. Еденге құлағаннан кейін, есін жоғалтқанша оны белдікпен ұрған. Содан кейін ер адам жәбірленушінің ағасының көзінше жас баланы белдікпен буындырып өлтірген. Сотталушылардың кінәсі куәлардың айғақтарымен, сот сараптамаларының қорытындыларымен және сотта зерттелген басқа да дәлелдемелермен дәлелденді», - деп хабарлады Павлодар облыстық сотының баспасөз қызметінен.
Сотта марқұм қыздың анасы кінәсін мойындамады. Ер адам да өзінің кінәсін мойындамай, іс-әрекетін онша ауыр емес, яғни қылмысты жасырып қалу және қылмыс туралы хабарламау ретінде қайта саралауды сұрады.
Ер адам бұрын сотталған, психоактивті заттарға тәуелділіктен зардап шегеді, қылмысты масаң күйде жасаған. Осыны және аса ауыр қылмыс жасаудың мән-жайларын ескере отырып, соттың үкімімен ер адамға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Ал Қылмыстық кодекстің 46-бабының 4-бөлігіне сәйкес өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы әйелдерге тағайындалмайтындығына байланысты, сот әйелді 20 жылға бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ, ол педагогикалық және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Атап өтерлігі, соттың үкімі оқылған сәтте айыпталушы А. өзін-өзі өткір затпен жарақаттаған.
«Бүгін сот залында 7 жасар Милана Давыдованы өлтірді деп айыпталған айыпталушы сот үкімі шыққан кезде сол қолының буынын кесіп тастады. Айыпталушыны дәрігерлер тексереді, медициналық көмек пен ауруханаға жатқызудың қажеті жоқ», - делінген облыстық ІІД хабарламасында.