Отбасындағы жанжал көбіне жасырын қалады
Күн сайын полицияға тұрмыстағы зорлық-зомбылық бойынша 300-ге жуық хабар келіп түседі- деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы Сенатта кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуын қамтамасыз ету тақырыбындағы жиында ҚР Бас прокуратурасы Қоғамдық мүдделерді қорғау қызметі басшысының орынбасары Сәкен Самет айтты.
«Бас прокуратура органдарының басым бағыттарының бірі – кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау. Биыл прокуратура органдары 900-ге жуық тексеру мен тиісті талдау жасалды. Осы бағытта 2,5 мыңнан астам заңдылықты бұзу деректері анықталып, 1,5 мыңнан астам лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылып, 1 млн 300 мың кәмелетке толмағанның құқықтары қорғалды», - деді С. Самет.
Жыл басынан бері елімізде 130 мың қылмыс тіркелсе, соның 4,5 мыңы кәмелетке толмағандарға қатысты. Бұл ретте, балалардың жеке басына зиян келтіру, ұрлау, мүлкіне байланысты қылмыстар және басқа заңсыз әрекеттер анықталды.
«Отбасындағы зорлық-зомбылықтан балалар психикалық тұрғыдан да зардап шегіп жатады. Бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылды. Күн сайын полицияға тұрмыстағы зорлық-зомбылық бойынша 300-ге жуық хабар келіп түседі. Биылғы 11 айда әкімшілік жауапкершілікке 58 мың адам, ал қылмыстық жазаға 819 адам тартылды. Отбасындағы жанжал көбіне жасырын күйінде қалып жатады», - деді Сәкен Самет.