Пара беруде жиі қолданатын сөз, сөз тіркестері, ым-ишара мен әрекеттер
Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі пара беру кезіндегі ең көп таралған сөздер, сөз тіркестері, ым-ишаралар мен әрекеттер туралы айтып берді, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы Kazinform агенттігі жариялады.
Бұл сөздер мен іс-әрекеттер сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл желісі бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары мен жасырын тергеу іс-қимылдары кезінде анықталған.
Бұл ретте Антикор әр жағдайды жеке қарастыру қажеттігін атап өтті. Сыбайлас жемқорлық нақты жағдайға байланысты әртүрлі тіркестер мен жағдайлардан кейін пайда болуы мүмкін.
Осылайша, ең көп таралған сөздер мен сөз тіркестері:
«Осы мәселені шешіп беріңізші», «біздің де пайдамыз тиер», «рахмет айтамын ғой», «көреміз», «хабарласамыз ғой», «шешуге болады, бірақ нақты ештеңе айта алмаймын», «мүмкіндігіңізді пайдалансаңызшы», «келісеміз ғой», «қашан, қайда барып, не істеу керектігін айтасыз ғой», «жақсы жаңалықпен қуантасыз деп ойлаймын».
Ең жиі қолданылатын іс-қимылдар: саусақтарын ысқылау, бас изеу, көзбен ымдау, қалтасын қағу, ұялы телефон, калькулятор арқылы соманы көрсету, қол алысу.
Сыйлық пара болып санала ма?
Сонымен бірге Антикор қандай жағдайларда сыйлықтар немесе қызметтер пара болып саналмайды, деген сұраққа жауап берді.
«Мемлекеттік қызметшілер мен олардың отбасына сыйлық беруге тыйым салатын заңнамалық нормалар бар. Егер мемлекеттік қызметшіге сыйлық беру олардың қызметімен байланысты болмаса, мүдделі емес ұйымдар мен жеке тұлғалардан сыйлық алуға жол беріледі. Ал егер сыйлық беру мен шенеуніктің белгілі бір іс-әрекеті арасында себеп-салдарлық байланыс орнатылса, онда бұл сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді бұзу деп танылады», - деп түсіндірді сотқа дейінгі тергеу қызметінің басшысы Қанат Сүлейменов Kazinform агенттігінің ресми сауалына.
Ол сыйлық алу және беру үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын еске салды. Егер сыйлық заңсыз әрекеттер немесе әрекетсіздіктер үшін берілсе, құны 2 АЕК-тен (7 384 теңге) асса және алдын ала уағдаластық болса, қылмыстық жауапкершілік көзделеді.
Қанат Сүлейменов мемлекеттік қызметші жұмыс орнындағы үстелінен пара тапса, не істеу керектігін түсіндірді.
«Мемлекеттік қызметші дереу мұндай құқықбұзушылықтың алдын алу және тоқтату бойынша қажетті шара қабылдауы керек. Яғни мемлекеттік қызметші құқық қорғау органдарына (сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің call-орталығы 1424 және 102) жүгінуге және тікелей басшыны дереу хабардар етуге, сондай-ақ фактіні құжаттау үшін әріптестерін куә ретінде шақыруға тиіс», - деді спикер.