Placeholder
ФОТО: Arbat.media
Қазақстан жаңалықтары12 наурыз 2024, 6:00

Қ. Бишімбаевтың ісі: Прокурор істің мән-жайын тарқатты

Прокурор экс-шенеунік Қуандық Бишімбаевқа қатысты істің мән-жайымен таныстырды.Прокурордың мәлімдеуінше, Қ. Бишімбаев ҚР Қылмыстық кодексі 1-тармағының 2-бөлігінің 110-бабында көзделген қылмыс жасады. Яғни жүйелі түрде ұрып-соғып, материалдық тәуелді адамға өзге де зорлық-зомбылық әрекеттерімен физикалық және психикалық азап көрсеткен, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады.

«2022 жылы тамызда күдікті Қ. Бишімбаев Астанада С. Нүкеновамен танысып, оған ұнатқанын айтып, кездесуге шақырған. С. Нүкенованың кездесуден бірнеше рет бас тартқанына қарамастан Қ. Бишімбаев қырындап, алғашында өзін тек жақсы жағынан көрсеткен. 2022 жылы 16 желтоқсанда тойлары өткен, бірақ некелерін ресми тіркемеген. Олар азаматтық некеде тұрған. Отбасылы болғаннан кейін, алғашқы күнінен-ақ Қ.Бишімбаев тез ашуланшақ, агрессивті және С. Нүкеноваға өзімшілдік таныта бастады. Яғни С. Нүкенованың туыстары және достарымен сөйлесуіне, кездесуіне тыйым салды, сонымен қатар оның ұялы телефонынан шалынған қоңыраулар мен SMS-хаттарды бақылап отырды», - деді Айжан Аймағанова сот залында айыптауды оқи отырып.

Прокурордың айтуынша, Қ.Бишімбаев С.Нүкеноваға сол кезде айтарлықтай табыс әкелген қызметпен айналысуға тыйым салған. Осылайша күдікті оның тәуелсіздігі мен жұптық қарым-қатынастағы жеке құқығынан айырып, оны материалдық тұрғыдан толығымен өзіне тәуелді етті. Сондай-ақ, прокурор Қ. Бишімбаевтың тарапынан С. Нүкеноваға қатынасы агрессивті күйде болғанын және оның өткен өміріне қатысты негізсіз қызғанышпен қатар жүргенін мәлімдейді. Одан бөлек, күдікті зардап шегушінің ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлаған.

«Уақыт өте келе күдікті жүйелі түрде зорлық-зомбылық көрсете бастады. Қ. Бишімбаев пен С. Нүкенова мейрамхананың 5-ші VIP-залына өтіп, спирттік ішімдікке, атап айтқанда, шарапқа тапсырыс берді. Мейрамханада екеуі 4 бөтелке шарап ішіп, алкоголь ішу барысында өзара қарым-қатынасты анықтауды жалғастырды. Жанжал барысында С. Нүкенова Қ.Бишімбаевқа қарым-қатынастан шаршағанын және оған нүкте қою туралы шешім қабылдағанын айтты. Сондай-ақ, бұл факті туралы С.Нүкенова ағасы Амангелдіге жазып, оған түнеуге келетінін айтып, такси шақыруға тырысқан. 2023 жылғы 9 қарашада түнгі сағат шамамен 00:30-да Қ.Бишімбаев пен С. Нүкенова мейрамханадан шықты, алайда Қ. Бишімбаев С. Нүкенованы ағасына жібермей, олар «Гастро-орталық» аумағында болды. Сол күні түнгі сағат 2:19-да олар мейрамханаға ас үй арқылы қайта оралды, С.Нүкенова 1-ші VIP-залға өтті, ал Қ.Бишімбаев барға барып, тағы шарап алып, С. Нүкенова өткен залға барды», - дейді прокурор.

Бұл уақытта мейрамхана залында жұмысшы Мейірбеков пен оның көмекшісі Асылбаева болған. Олар түнгі уақытта мейрамхананың қабырғалары мен бағандарын сырлау жұмысын жүргізген.

«VIP-залда алкоголь ішуді жалғастырған екеуінің арасында тағы да жанжал туындады және олар бір-біріне айқайлай бастады. Қ. Бишімбаев тағы да С. Нүкеновті балағат сөздермен қорлай бастады. Сонымен қатар, Қ. Бишімбаев С. Нүкенованың ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлай отырып, оған киімдер мен зергерлік бұйымдар сыйлағанын міндетсінді. Өз кезегінде С.Нүкенова ашуланып, үстіндегі іш киімінен басқасын шешіп, лақтырып тастады. Қ. Бишімбаев оған ашуланып, жұдырықпен ұра бастаған (басы мен денесін). Қ. Бишімбаев мас күйінде С. Нүкенованы іш киімімен автотұраққа алып түсті. Ол соққыға жығылған С. Нүкенованың күйін мейрамхана қызметкерлерінің көрмегенін қалап, үйге бағыт алған. Олар мейрамхана аумағынан тротуарға шыға бастағанда автотұрақ күзетшісі көріп, автокөлікті тоқтатқан. Содан соң таңғы сағат 7-де Қ. Бишімбаев С. Нүкеновамен бірге мейрамханаға қайта оралған. Мейрамхананың холында күдікті С. Нүкенованың басынан соққылай бастаған, салдарынан зардап шегуші жерге құлаған. Одан әрі Қ. Бишімбаев азаматтық некедегі әйелін аяусыз тепкілеген, онымен қоймай С. Нүкенованы тұрғызып, басынан тағы ұрған. Содан соң күдікті зардап шегушінің шашынан сүйреп № 1 VIP-зал апарған, өмірін сақтағысы келген С. Нүкенова VIP-залдың әжетханасына тығылған. Қ. Бишімбаев әжетхананың есігін қолмен ұрып, сосын музыкалық колонканың метал штативімен есікті қиратқан. Әжетхана есігін сындырып кірген күдікті С. Нүкенованы тағы да сабаған, әсіресе басынан», - дейді Қ. Бишімбаевты айыптаушы.

Одан әрі прокурордың мәлімдеуінше, Қ. Бишімбаев әйелін тұншықтыра бастады, соңында С. Нүкенова есінен танып қалды. Алайда, жәбірленушінің біраз уақыттан кейін есін жинағын көріп, күдікті тағы да басына бірнеше рет соққы берген. Сол ұрып-соғу С. Нүкенованың ес-түссіз қалып, демалмаған соң ғана тоқтаған.

«Осылайша, Қ. Бишімбаев ҚР Қылмыстық кодексі 1-тармағының 2-бөлігінің 110-бабында көзделген қылмыс жасады. Яғни жүйелі түрде ұрып-соғып, материалдық тәуелді адамға өзге де зорлық-зомбылық әрекеттерімен физикалық және психикалық азап көрсетті. Бұдан әрі Қ.Бишімбаев Қылмыстық кодекстің 1-тармағының 2-бөлігінің 99-бабына сәйкес қасақана, аса қатыгездікпен кісі өлтіру қылмысын жасады. Сондай-ақ Қылмыстық кодекстің 2-тармақтың 2 бөлігінің 14 бабына сәйкес Қ. Бишімбаевтың әрекеттерінде қылмыстың қауіпті қайталануы байқалады», - дейді А. Аймағанова.

 

Қуандық Бишімбаев сот Прокурор Қылмыстық іс

Тақырыпқа жаңалықтар