Қазақстан жаңалықтары10 қазан 2023, 10:00

Қазақстан Израильден өз азаматтарын қалай эвакуациялайды

Израиль мемлекетіндегі Қазақстан елшісі Сатыбалды БұршақовҚР азаматтарын эвакуациялау жұмысы қалай жүріп жатқаны, осыған дейін неше адам елге оралғысы келетінін айтып жүгінгені және Елшіліктің қызм еткерлерінің жайы не болатыны туралы мәліметтер берді, - деп хабарлайды Arbat.media

 Бұл туралы Kazinform агенттігіне берген эксклюзив сұхбат жарияланды.  

"Біз Израильде әскери-саяси ахуал ушыға түскеннен бастап дайындық жұмыстарына кіріскенбіз. Азаматтарымыз туралы деректер жиналып жатыр. Белгілі бір тізім жасалды. Бүгінгі жұмыс күні тіптен қарбалас болды, соның нәтижесінде отандастарымызды елге жеткізуге арналған арнайы рейске рұқсат алдық. Бүкіл дайындық жұмысы әскери-саяси ахуалдың шиеленіскен жағдайында жүріп жатыр. Бұл біздің барлық қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, жергілікті билік пен әскерилердің нұсқаулықтарын жіті орындауымыз керектігін білдіреді. Еліміздің азаматтарына албаты көшеге шықпау керектігін, мүмкіндігінше тұрғылықты жерінде болуын ескерттік. Олар бізге құлақ асып отыр", - деді Сатыбалды Бұршақов. 

Қазақстан азаматтарын эвакуациялау жұмыстарын жүргізу үшін арнайы чат ашылған, онда елшіліктің қызметшілері барлық сұрақтарға жауап беріп отыр. 

"Дипломаттарымыз әлеуметтік желілердегі байланысқа жауапты кезекшілерді белгілеп қойды. Қазақстаннан да, осы жақтан да қоңырау шалып жатқандар бар. Бұл чаттың пайдасы тиіп тұр. Соның арқасында олардың қайда екенін біліп отырмыз. Air Astana әуе компаниясының көмегімен тізім құрып жатырмыз, азаматтар болса билет сатып алуда. Егер біреу алдағы уақытпен билет алып қойған болса, мәселен, қазан, қараша айларына, олар сол билетіне қайта брондау жасай алады", - деді елші.  

Ендігі кезектегі шаруа - осы қиын жағдайда әуежайға адамдарды жинауды бағдарлау. Елшілік қызметшілері тым шалғайда тұратын азаматтарымыздың әуежайға жетуіне көмектесуде. Олар, сондай-ақ, тіркеу аяқталып, әр азаматымыз ұшақ бортына отырғанына дейін қадағалайды. Қазіргі таңда дипломатиялық қызметтің басты жұмысы осы болып тұр. 

"Қазірдің өзінде Қазақстанның 150 азаматын тізімге тіркедік. Арнайы рейстің ашылғанын таңертең жариялағандықтан, күндіз қоңырау шалған адам көп болды. Бағана айтқандай, біз тізімді әу бастан жасап қойғанбыз, кімнің қайда екенін алдын ала біліп отырдық. Соның арқасында жұмыс жеңіл өтті", - деді Сатыбалды Бұршақов. 

Ал, елшілік қызметшілерін эвакуациялау туралы әзірше сөз қозғалған жоқ. Олар Израиль астанасы Тель-Авивте өз қызметін атқарып жатыр. 

Қазақстан азаматтары Израиль эвакуация

Тақырыпқа жаңалықтар