Сейсмограф құралын ойлап тапты
Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы көпбейінді №5 гимназияның 9-сынып оқушылары Айжан Жұмабекова мен Шұғыла Уалхан тұрмыстық қалдықтардан сейсмограф құралын ойлап тапты. Құралды сейсмикалық қауіпті аймақтарда, жаңадан басталған құрылыс нысандарында қолдануға болады, - деп хабарлайды Arbat.media.
Ғажабы сол, жас өнертапқыштар биік ғимараттардың сейсмикалық жағдайына алаңдаушылық танытып, механикалық үлгіде құрал жасап шығарған. Қағаз таспа, үйкелісті тудыратын лайнер, барабан, қозғалтқышқа арналған қуат көзінен тұратын құралға Эйнштейн датчиктерін, сондай-ақ Ардуино бағдарламасын қосқан. Олар өздері ойлап тапқан құралды мектепте еденге, қабырғаға орнатып, әсерін байқау үшін пайдаланып көрген. Еден тербелісіне тәжірибе жасағанда секірген кездегі қозғалысты байқаған.
– Физика сабағында алған білімімізді қолдана отырып, ғимараттармен қатар техниканың еденге және қабырғаға тигізетін сейсмикалық әсерін қарастыру үшін сейсмографтың нәтижесін салыстырдық. Нақты нәтиже алу мақсатында деректер тіркеуіші еinstein™ Tablet +2 планшеттің Milab бағдарламасындағы Heart Rate датчигін қолданып отырмыз. Жобамыздың жетекшісі – физика пәнінен дәріс беретін Алуа Биімбетова, – дейді ғылыми жаңалыққа жаны құштар оқушылар.
Сейсмографты сейсмикалық қауіпті аймақтарда, мысалы, таулы жерлерде, ауылдық округтерде, жаңа құрылыстарда, білім алу барысында физика-география бағытындағы оқу мекемелерінде қолдануға болады. Жас өнертапқыштардың айтуынша, сейсмограф моделінің құрылысы мен жұмыс істеу мүмкіндігін басқа аналогтермен салыстырып көргенде, оның құны қолжетімді, салмағы жеңіл әрі тасымалдауға ыңғайлы екеніне көз жетіп отыр. Болашақта оқушылар ғимараттардың қауіпсіздігін алдын ала зерттеп, қашықтан басқарылатын сейсмограф құралын ойлап шығаруды жоспарлап отыр.