XXXIII жазғы Олимпиада ойындары басталды
Франция астанасы – Парижде ресми түрде XXXIII жазғы Олимпиада ойындары басталды. Төрт жылдықтың басты додасының ресми ашылу салтанатындағы «Мемлекеттер шеруі» кезінде Қазақстанның көк байрағын боксшы Асланбек Шымбергенов пен жеңілатлет Ольга Сафронова ұстап шықты, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы Туризм және спорт министрлігі мәлімдеді.
Биылғы Олимпиаданың ашылу салтанаты тарихта алғаш рет ерекше форматта ұйымдастырылды. Яғни спортшылар шеруі әдеттегідей стадионда емес, әйгілі Сена өзенінде өтті. Әр делегация шеруге жеке қайықпен шықты. Шеруде спортшылар 6 шақырымдық қашықтықты басып өтіп, ресми рәсім өткен Трокадерода аялдады.
Іс-шараның көркемдік жетекшісі – театр режиссері Томас Жолли. Ресми іс-шараға Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев қатысып, Олимпиадада ел намысын қорғайтын спортшыларға толағай табыс тіледі.
«Спортшылар мен жанкүйерлер қауымы тағатсыздана күткен Париж Олимпиадасы да басталды. Алдағы екі апта бойы төрткүл дүниенің назары Парижге ауады. Олимпиада – халықтарды біріктіретін, елді бір арнаға ұйыстыратын бірегей спорттық мереке. Олимпиадаға әлемнің түкпір-түкпірінен нағыз мықты спортшылар жиналды. Бәрінің арманы – Олимпиада чемпионы атану. Осы күнге дейін төккен маңдай терінің, еткен еңбегінің ақталғанын кім қаламайды дейсіз?! Сондықтан сайысқа шығатын саңлақтарымызға тек сәттілік, толағай табыс тілеймін. Атлеттеріміз Парижге жақсы дайындықпен келді. Барлығынан жүлде күтуге болады. Біз бірігіп, Токио Олимпиадасындағы нәтижені жақсартуға барлық күш-жігерімізді салуымыз қажет. Алға, Қазақстан», - деді Ермек Маржықпаев.
Париждегі төрт жылдықтың басты спорттық оқиғасы биыл 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді. Франция жеріндегі додаға әлемнің 206 елінен 10 500 спортшы қатысады. Париждегі бәсекеде 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Қазақстан ұлттық құрамасы сапынан 79 спортшы спорттың 25 түрінен жүлдеге таласады.