Жиырма аспапта ойнайтын жігіт
Түрлі музыкалық аспапта ойнауды меңгерген өнерлі жандар аз емес. Ал Абзал Сиғуатоллаұлы – нағыз өнерлі жігіт. Өйткені ол бір емес, жиырма аспапта ойнайды, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы Egemen.kz жазады.
Өзінің айтуынша, бала кезінен музыкалық аспаптарда ойнауға қызыққан екен. Әкесі ұлының өнерлі болғанын қалап, ынтасын оятқан. Облыс орталығынан шалғай орналасқан Қызылқоға ауданының Жасқайрат аулындағы мектеп, клуб сахнасында ән айтып, домбыра шерткен ұлының өнерін ұштауды көздеп, Атырау қаласына қоныс аударған.
«Мұнайлы шаһардағы Н.Тілендиев атындағы дарынды балаларға арналған академияда вокал, пианино сыныбында оқыдым. Жоғары білімді Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің өнер факультетінен алып шықтым. Бірақ білімімді жетілдіруді көздеп, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясында академиялық ұтқырлық бағдарламасымен оқуымды жалғастырдым», дейді А.Сиғуатоллаұлы.
«Жігітке жеті өнер де аз...» дейтін тәмсілді ұстанатын өнерпаз студенттік кезеңін текке өткізген жоқ. Музыкалық аспаптардың бірінен соң бірінде ойнауды меңгерді. Әр аспаптың тарихын, жасалу жолын жетік біледі. Қазір жиырма түрлі аспапта еркін ойнайды. Қазақтың ұлттық мұрасы – домбыраның қос ішегінен күмбірлете күй төгеді. Қылқобызбен Қорқыт дәуірінен жеткен ұлы дала сазын сызылтады. Сырнаймен сырлы әуендерді әуелетеді. Пианиномен классикалық музыкаларды нақышына келтіре орындайды. Гитара, баян, тағысын тағы.
«Алғашқыда домбыра тартуды үйренген едім. Бірақ тек бір аспаппен шектелгім келмеді. Өнер жолын таңдаған соң бірнеше аспапта ойнағанды жөн көрдім. Сол мақсатыма жақындап келемін. Өйткені әлі де бірнеше аспапта ойнауды көздеп жүрмін», дейді А.Сиғуатоллаұлы.
Кез келген аспапты қолына алса, он саусағынан саз төгілетін өнерлі жігіт Д.Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрі жанындағы «Сармад» этно-фольклорлық ансамблінде жұмыс істейді. Сонымен бірге DD RECORDS тобының құрамында өнер көрсетіп жүр.