Placeholder Жүсіпбек Аймауытов ашқан кешеннің орнына белгітас қойылды
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform
Kazinform
Қазақстан жаңалықтары2 қыркүйек 2024, 11:00

Жүсіпбек Аймауытов ашқан кешеннің орнына белгітас қойылды

Алаш қайраткері Жүсіпбек Аймауытов Баянауыл ауданында «Мәдени кіндік» атты рухани тәрбие және білім беру кешенін ашуға ұйытқы болған. Қазақ даласын жұт жайлап, жетім-жесір көбейгенде Жүсіпбектің айтуымен елдің бас көтерер азаматтары балаларды Қызылтау өңіріне жинапты, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы 24.kz хабарлады.

Мәдени кіндікте әуелі мектеп ғимараты, кейін қыздар мен ер балалардың жатақханасы, кітапхана мен азық-түлік сақтайтын бірнеше қойма салынған екен. Биыл Жүсіпбек Аймауытовтың туғанына 135 жыл толды. Осыған орай «Мәдени кіндік» орналасқан жерге белгітас қойылды. Жүсіпбек Аймауытов Семей губерниялық оқу бөлімінде қызмет ете жүріп, Баянауыл аумағында мектеп ашу туралы идея тастайды. Бұл Кеңес үкіметі орнап, медреселердің жаппай жабылған кезі болатын. Қолында малы бар ауқатты адамдардың көмегімен оқу қалашығы пайда болады. Іргесі 2 жылда қаланып, 10 жылға жуық қызмет еткен оқу ордасының түлектері білімдерін Орынборда жалғастырады.

— 1922 жылдың жазында бірінші оқу басталған екен, 1929 жылға дейін істеп, 1928 жылы Жүсіпбек Аймауытов Алаш Орда мүшесі ретінде ұсталғаннан кейін осы кісі Алаш идеясын оқытып жатыр деген желеумен бұл жердің мектебінің бірте-бірте мәні жоғалып, мұғалімдердің барлығы қудалауға түскеннен кейін ол кісі кетіп қалғанда дәрежесі бірте-бірте төмендеп, әуелі бастауыш мектепке түскен. Рамазан Нұрғалиевтің айтуынша, оқу кешені көп ұзамай жұмысын біржолата тоқтатады. Бос қалған ғимараттар сиыр, қой фермаларына айналады. Ал 1954 жылы онда тың игеруге келген бригадалар қоныстанады, — Баянауыл ауданының тұрғыны Рамазан Нұрғалиев.

«Мәдени кіндік» оқу қалашығына белгітас қою туралы ұсыныс Жүсіпбек Аймауытовтың 130 жылдығында түскен. Жүсіпбек оқуларына келген ғалымдар тарихи жерді аралаған.

— Алғашқы рет осы жерге келіп, «Мен осы жерде оқып едім, соның бәрінің орнын көруге келдім, менің балалық шағым осы жерде өтті», — деп 2000 жылда біздің Баяннан шыққан ішкі істер саласының 7 генералының біреуі — Самат Бакиров. Әдейі арнайы келді осында, - дейді Баянауыл ауданының тұрғыны Рамазан Нұрғалиев.

Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің қызметкерлері аталған белгітастың макетін жасаған.

— Бұл бізге өте бір сондай тамаша жаңалық болды деп ойлаймын. Мұны басында біз естігенбіз. Дегенмен де қай жер екенін білгеніміз жоқ. Енді жаңа бізге көрсетіп отырса, мектептің орны, жаңағы барлық мына дөмбешіктердің барлығы жатақхана, әкімшілік, жертөле, қоймада болған екен ғой. Соның бәрін қолдан істеген, сол жерге тамақтарын қойған ғой. Барлығы реттеп істелген, көрдіңіз бе? Оның өзі — тарихи құндылық, — дейді Ж. Аймауытов атындағы жалпы орта білім беру мектебі директорының орынбасары Салтанат Сәрсенбайқызы.

Жүсіпбек Аймауытов мектебінің ұстаздары мен оқушылары: «Мәдени кіндік» туралы зерттеу жұмыстарын бастамақшы. Олар ғылыми еңбектерге арқау болатын тың деректер табылады деген сенімде.

Жүсіпбек Аймауытов белгітас кешен

Тақырыпқа жаңалықтар