Ердоған Нетаньяхуды Гитлермен салыстырды
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху мен Адольф Гитлердің Газа секторындағы израильдік әскерилердің әрекеттеріне қатысты «ешқандай айырмашылық жоқ» деп мәлімдеді, - деп хабарлайды Arbat.media.
"Гитлер мен сіздің араңызда қандай айырмашылық бар? Бұлар бізді Гитлерді сағынуға мәжбүр етеді. Нетаньяхудың істеп жатқаны Гитлердің істегенінен кем бе? Жоқ", - деп келтіреді Anadolu Ердоғанның сөздерін.
Ол 7 қазандағы ХАМАС шабуылына Израильдің жауабы «адамзаттың барлық құндылығын жойды» деп қосты.
The Times of Israel газеті хабарлағандай, Израиль премьер-министрі де оған жауап қатты.
«Күрдтерге қарсы геноцид жасап, оның билігіне қарсы шыққан журналистерді түрмеге қамап жатқан Ердоған – адамгершілікті уағыздайтын соңғы адам. Израиль армиясы адамзатқа қарсы қылмыс жасаған ХАМАС-пен күресіп, оны жойып жатқан әлемдегі ең өнегелі армия”,- деп мәлімдеді Нетаньяху.
Израиль үкіметінің министрі Бенни Ганц әлеуметтік желіде Ердоғанның сөздерін «шындықты ашық бұрмалау және Холокост естелігін қорлау» деп атады.
«Мен Түркия президенті Ердоғанның мәлімдемесін айыптаймын», - деп жазды ол.
Желтоқсан айының басында АҚШ президенті Джо Байден Израильдің халықаралық қолдаудан айырылып жатқанын және оның премьер-министрі Нетаньяху Палестина мәселесін шешу үшін үкіметті өзгерту қажеттігін атап өткен.
Бұған дейін БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш 7 қазанда ХАМАС тобының шабуылы Израильдің Газа секторындағы әрекеттерін ақтай алмайды, бұл «Палестина халқының ұжымдық жазасы» екенін айтты.
Бас хатшының айтуынша, ХАМАС-тың Израильге қарай зымыран атқылауы және «топтың соғыс уақытындағы заңдарды бұза отырып, бейбіт тұрғындарды «қалқан» ретінде пайдалануы Израильді өзінің заңды бұзғаны үшін жауапкершіліктен босатпайды».