Гитлер туған үйде полиция бөлімшесі ашылады
Гитлер туған үйде полиция бөлімшесі ашылады, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бранау-на-Инндегі ғимарат фашистердің зиярат ететін орнына айналды.
Бұл жердің символикасын бұзу үшін Австрия Ішкі істер министрлігі Гитлер туған үйде оқу орталығы бар полиция бөлімшесін ашуды жоспарлап отыр, онда тәртіп сақшылары адам құқығы саласында білім ала алады.
Алайда бұл шешім Австрия қоғамында қарсылық пен наразылық тудырып жатыр.
Гитлердің туған жері туралы деректі фильм түсірген 58 жастағы кинорежиссер Гюнтер Швайгер бұл жоспарларды «мүлдем қате белгі» және нацизм құрбандарына жасалған «соққы» деп атады.
Ал жергілікті азаматтық бастаманың өкілі Гитлердің үйінде полиция бөлімшесін ашудың символдық әсерін «апат» деп атады.
"Үшінші рейхте" полиция күмәнді рөл атқарған.
Наурызда әлеуметтанушылар 1000 австриялықтан сауалнама алған. Олардың 52 пайызы ұлттық социализм тарихын зерттеумен, оның құрбандарын еске алумен, фашизмге қарсы, толеранттылық пен бейбітшілікті сақтау мәселесі тақырыбымен айналысатын ұйымның орналасқанын қалаған.
Сауалнамаға қатысқандардың 23 пайызы үйді бұзуды қолдаған.
Ал тек 6% сол жерде полиция бөлімшесін орналастыру идеясын қолдады.
Дегенмен Адольф Гитлердің туған жерін тарихи тұрғыдан дұрыс пайдалану жөніндегі арнайы комиссия, керісінше, бұл жерді білім беру немесе көрме жобаларына қолданбау керектігін ұсынған.