ӘлемБүгін, 20:49

Мысырда туристер мінген Sea Story яхтасы суға батып кетті

Дүйсенбі күні туристер мінген Sea Story яхтасы Қызыл теңіздегі Мысырдың Марса Алама қаласының жағалауындағы тур кезінде суға батып кетті. Кеме жолаушылары мен экипажы із-түзсіз жоғалып, құзырлы органдар оларды іздеуге кірісті, - деп хабарлайды Arbat.media.

Мысырдың Қызыл теңіз провинциясы губернаторының айтуынша, Sea Story жергілікті уақыт бойынша 05:30-да Марса Аламаның солтүстігіндегі Рас-Сатае маржан рифінің маңында суға батқан, - деп жазады Kazinform агенттігі.

Ол жексенбіде Порто-Галибадан шығып, 29 қарашада Хургада-Маринаға оралуы керек еді.

Ұзындығы 44 метрлік яхтаның бортында 31 турист пен 14 экипаж мүшесі танымал орындардың біріне көпкүндік тур жасау үшін ашық теңізге шыққан.

- Кеменің апатқа ұшырағаны туралы хабарлама дүйсенбі күні таңертең түсті. Іздестіру-құтқару жұмыстары Египет Әскери-теңіз күштері мен Әскери-әуе күштерінің қатысуымен жүргізіліп жатыр, - деп хабарлады жергілікті билік.

Кейін Мысыр билігі суға батқан туристер яхтасынан 28 адамның құтқарылғанын, тағы 17 адамды іздеу жұмыстары жалғасып жатқанын хабарлады.

Провинция губернаторы Амр Ханафи Марса-Аламаның оңтүстігіндегі Вади эль-Гемаль аймағында табылған аман қалғандардың кейбірі емделуге тікұшақпен жеткізілгенін, ал басқаларының Мысыр әскери кемесі алып кетуді күтіп тұрғанын айтты. Ол сондай-ақ әуе және теңіз күштері із-түзсіз жоғалғандарды іздеуді жалғастырып жатқанын тілге тиек етті.

Бұл оқиға Мысырдың Жерорта теңізі жағалауында екі қайық соқтығысып, кем дегенде екі адам қаза тауып, бірнеше адам жараланғаннан бір ай өткен соң болып отыр.

Sea Story яхта суға батты Мысыр туристер

Тақырыпқа жаңалықтар