30-дан астам қылмыс жасаған күдікті ұсталды
Түркістан облысы ПД Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері «Киберқылмыспен күреске арналған бағдарлама» жоспарын іске асыру шеңберінде жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізіп, бұрын бірнеше рет сотты болған, Қазақстан аумағында бірнеше қылмыс жасады деп күдікке ілінген 31 жастағы ер адамды ұстады, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы polisia.kz жариялады.
Жамбыл облысының тұрғыны қылмысты алдын ала жоспарлап, адамдардан қоңырау шалу үшін ұялы телефондарын сұрап алып қашып кетіп отырған. Телефондарды ірі қала базарларында сатып отырған.
Күдіктінің Түркістан облысында жасалған 10 алаяқтық қылмысы мен 1 автокөлік ұрлау фактісіне қатысы барын дәлелдеді.
Және де Қызылорда облысында ұрлық жасағаны үшін іздеу жарияланған. Сондай-ақ «ұрлық» пен «алаяқтық» баптары бойынша Қазақстанның 3 мегаполисі мен 5 облысында жасалған 22 қылмысқа қатысы бары анықталды.
Күдікті қамауға алынып, осыған ұқсас ашылмаған қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп жатыр. Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, оқиғаның толық мән-жайы анықталып жатыр.