Алаяқтар 1,5 жыл бұрын қайтыс болған баланың емі үшін ақша жинап келген
Алаяқтар 1,5 жыл бұрын қайтыс болған баланың емі үшін ақша жинап келген, деп хабарлайды Arbat.Media.
Мұны марқұмның жақындары жақында ғана білген. Оңласын Асылбаеваның ұлы Диас Мұса – 7 баланың кенжесі. Ол осыдан 1,5 жыл бұрын ұзаққа созылған дерттен қайтыс болған.
“Бір күн бұрын балам түсіме кірді. Балам мұңлы, жылап жатыр. Маған ренжіп жатыр. Ертеңінде ана видео келіп тұр. Сонда менің баламның жаны тынышталмай жатыр. Ал қайдағы біреулер қор ашып, баламның жанын қинап жатыр. Не үшін жинайды, не үшін баламды шырқыратады”, – дейді жаны қиналған ана.
Ата-ана 2 жыл бұрын баласын аман алып қалу үшін елден екі рет көмек сұрап, 70 мың доллар жинаған. Алайда 2024 жылы жинақ толық тоқтатылған. Бірақ жақында таныстары хабарласып, желіде ұлының атынан ақша жиналып жатқанын айтқан. Марқұмның ата-анасы бірден полицияға арыз түсіріпті. Полиция алаяқтардың кім екенін анықтағанымен, әлі ұсталмапты. Олар тексеру жүргізіп жатыр екен.
Баланың қазасына диагноздың дұрыс қойылмауы себеп болыпты. Анасының сөзінше, дәрігерлер қате диагнозбен бірнеше рет ота жасап, ұлының әлсіреген ағзасын одан сайын титықтатқан. Шетелге апарғанымда, жергілікті мамандар тым кеш келгенімізді айтты дейді. Сонда жасалған соңғы отадан кейін Диас комаға түсіп, қайта оянбаған.