Қазақстан жаңалықтары25 маусым 2024, 18:12

Алматы әуежайының ескі ғимаратындағы жөндеу жұмыстары 2025 жылы аяқталады

Алматы халықаралық әуежайының жаңа терминалында баспасөз туры ұйымдастырылып, мекеменің жаңа басшысы Гокер Косе әуежайдың ескі және жаңа терминалдары жоспарын бөлісті. Жаңа жолаушылар терминалына 220 миллион доллардан астам инвестиция салынған. Сейсмикалық және өрт қауіпсіздігі талаптарына сай салынған халықаралық терминал 10 баллға дейінгі жер сілкінісіне төтеп бере алады. Әуежайдың жалпы ауданы – 53,5 мың шаршы метр, - деп хабарлайды Arbat.media.

– Жаңа терминалда 50 тіркеу орны орнатылды және соңғы үлгідегі заманауи жабдықтар сатып алынды. Екі «fast-track» құрылғысы, 5 өзін-өзі тіркеу дүңгіршегі, 5 «baggage drop-off» құрылғысы орнатылады. Жаңа терминал сағатына ұшатын 24 мың жолаушыға, ұшып келген 33 мың жолаушыға қызмет көрсете алады. Жолаушыларды төлқұжаттық бақылаудан өткізу кезінде заманауи және жайлы жағдаймен қамтамасыз ету үшін жаңа терминалдың ұшу аймағында 20 кабина, келу аймағында 32 кабина, Қазақстан Республикасының азаматтары үшін ұшу-келу аймағында автоматтандырылған өткізу жүйесі бойынша 4 бірлік жабдық орнатылған. Жолаушыларға ыңғайлы жүріп-тұру үшін ақпараттық дүңгіршектерді орнату жоспарлануда, - деді әуежай басшысы, - деп жазады Kazinform агенттігі.

Гокер Косе 2019 жылы 6,5 млн жолаушы Алматы әуежайы арқылы өтсе, 2023 жылы 9,5 млн жолаушыға қызмет көрсетілгенін атап өтті. Биыл жолаушылар саны 11 миллионнан асады деп күтілуде. Дегенмен, ескі терминал жаңартылған соң, әуежайдың жалпы өткізу қабілеті жылына 14 миллион жолаушыға дейін артпақ.

Әуежай президенті автотұрақ мәселесіне де тоқталды. Оның сөзінше, қазір жалпы автотұрақ көлемі 46%-ға ұлғайған. Әуежай аумағында автотұрақ орнын көбейтудің қалған жұмыстары 2024 жылдың 15 тамызына дейін аяқтау жоспарланған.

– Біз автотұрақ аймақтарын жаңартуға және қайта жабдықтауға кірістік. Біздің автотұрақтың сыйымдылығы алдыңғы 900 тұрақ орнынан 1 300 тұрақ орнына дейін артады. Біз аумақты біртіндеп жаңартуды және көп қабатты автотұраққа қосылатын көпірді жөндеуді жоспарлап отырмыз, - деді ол.

Алматы әуежайында өткен апта ескі терминалды реконструкциялау жұмыстары басталған. Бұл мәселеге тоқталған мекеме басшысы Гокер Косе ескі терминалды жөндеу жұмыстары 2025 жылдың қазан айына дейін аяқталатынын атап өтті.

– Осы аптада біз ескі терминалды реконструкциялау бағдарламасын бастадық. Ескі терминалда жүктерді өңдеудің жаңа жүйесін орнату, тіркеу бөлмелерін кеңейту, жаңа қауіпсіздік жабдықтарын орнату және әртүрлі аумақтарды жаңарту жұмыстары істеледі. Біздің ішкі рейстеріміздің өткізу қабілеті 6 миллион жолаушыға дейін жетеді. Ол бүгінде 1 миллионнан да аз, - деді Гокер Косе.

Сондай-ақ әуежай президенті жаңа ұшу-қону жолағы 2027-2028 жылдарға қарай салынатынын айтты. Бүгінгі күні әуежайда бір ғана ұшу-қону жолағы бар.

 

Алматы Әуежай жөндеу 2025 жыл

Тақырыпқа жаңалықтар